28 жастағы қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова әлеуметтік желілерде күйеуімен ажырасқанын мәлімдеді. Спортшы бұл шешімнің өз бастамасымен қабылданғанын меңзеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Бұл әлемде өзге пікірлердің дауысы жиі өзіңнің дауысыңнан қаттырақ шыққанда, өзіңе адал болу — нағыз күштің көрінісі. Бұл сыртқы әсерлерге қарсы тұру ғана емес, шынайы күштің актісі. Әйел тек өзіне құлақ асуды таңдағанда, ол жан дүниесінің мәнімен үйлесімге енеді», – деп жазды Алтынбекова.
Сабина Алтынбекова 2020 жылдың 25 желтоқсанында продюсер Саят Тостықбаевқа тұрмысқа шыққан болатын. Олар әлеуметтік желі арқылы танысып, бірнеше ай хат алмасқаннан кейін некелескен. 2021 жылы жұптың ұлы дүниеге келді.
Қазан айында Алтынбекова Индонезияның «Yogya Falcons» клубына қосылып, капитандық міндетті өз қолына алды. Ол команда құрамында алғаш рет Yogya Volley Cup – 2024 турнирінде жеңіске жетті.
Спортшы бұған дейін қазақстандық және шетелдік БАҚ-ты салыстырып, отандық медианың өз спортшыларын жеткілікті дәрежеде қолдамайтынын сынға алған болатын.
«Мен байқағаным, басқа елдердің БАҚ-тары тек жағымды жаңалықтарды жазады. Ал біздікілер керісінше, негативке көп көңіл бөледі. Дәл осы себептен талантты жастар шетелге кетуге мәжбүр. Бөтен елде де сенің жетістіктеріңді бағалайды», – деп жазды ол.
Айта кетейік, жақында ғана Алтынбекова бес баланы дүниеге әкелгісі келетінін айтқан еді.