Осыдан 6 жыл бұрын дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кететінін айтып мемлекеттік телеарнадан үндеу жолдаған болатын, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Назарбаев биліктен кеткеннен кейін өзін қалай ұстады?» деген сұраққа жауап берді. Мәжіліс депутаты бұл сауалдың өте қиын сұрақ екенін ескертті.
«Себебі біз біріншіден, теледидардан көріп жатқан дүниелерді ескереміз ғой. Оны болашақта тарихшылар материалдарды зерттеп, бағасын бере жатар. Өз басым ол жаңа президентті қолдауды күшейту керек еді деп ойлаймын. Ол ресми түрде биліктен кетіп, теледидардан жаңа президентті қолдауға шақырды. Бірақ экранның арғы жағындағы дүниелерді біз білмейміз ғой. Сол себепті бұл сұраққа үзілді-кесілді нақты жауап бере алмаймын. Мен заңгер ретінде нақты материалдарға сүйенемін. Бірақ заңгер ретінде менде де көптеген сұрақтар туындайды. Әріптестім Ермұрат Бапи «Ескі Қазақстанға» қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдады. Себебі бас көтеретін әр түрлі іс-қимылдар жасап жатыр. Сондықтан да барлығымыз президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жанына топтасып, жәрдемші ретінде көмектесуіміз керек. Егер де «Әділетті Қазақстан» құрамыз десек, біз жаңа өзгерістерді енгізуіміз керек. Бүгін парламент мәжілісіне келіп, жаңа өзгерістер бар екенін ашық айтып отырмын», – деді ол.
Соңғы жылдары экс-президент Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтамай жүр. Мұның себебі неде? Экс-президент елге өкпелі ме?
«Жеке өз басым егер экс-президент болсам, елді құттықтар едім. Мәселен АҚШ экс-президенттеріне қараңыздаршы, олар республика және демократиялық партия ретінде қырғи-қабақ болса да, шешуші сәтте келесі президенттің инаугурацияна келіп, сәттілік тілейді. Күні бұрын бір-бірін сынап жамандайды, бірақ шешуші сәтте барлық заң талаптарын сақтап, қол алысып, жылы амандасады. Бізде сондай саяси мәдениетке жетуіміз керек. Өкінішке қарай ондай саяси мәдениетке біз әлі жете қойған жоқпыз. Біздің бұрынғы экс-президентіміздің ешкімге өкпесі болмауы керек. Бір өзі мемлекетті бір ғасырдың 1/3 басқарды», – деді ол.