Моңғолиядан табылған көне домбыра сыры

5307
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын айғақтайтын, қазіргі Моңғолия жерінен табылған мына көне домбыра туралы екі-үш жыл бұрын мерзімді басылымдарда жарияланған болатын. Оқырмандардың сұрауы бойынша біз осы жаңалықты тағы бір жаңғыртып, көне жәдігерді алғаш зерттеп, қазақтың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жасаған ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының пайымдарын жариялауды жөн көрдік. Бұл домбыраны әу баста моң­ғол­дың Дандар деген бір шопаны 2008 жылы Моңғол Алтай жота­сы­ның бір сілемі – Жарғалант-қайырқан тауы­на мал жайып жү­ріп тауып алады. Ол тауда ілбіс көп болып, малға, адамға  ша­ба­тындықтан, жал ел аяғы тие бермейтін жер екен. Ал 2008 жылы Орталық Азияда, Моң­ғо­лия­да үлкен жұт болғаны мәлім. Сол жұтта малын шөбі шүйгін деп әлгі тауға жайып жүріп, шопанның көзі бір үңгірге түседі. Үңгірге барып кіргенде қабырғаға сүйеулі бір ағашты көреді. Жай ағаш емес, саз аспабы секілді болғасын алып, ауы­лын­дағы мек­теп­тің та­рих мұғаліміне апа­рып көр­се­теді. Сосын тарих мұға­лімін ертіп ке­ліп, үңгірді қайта қарап, ішін түр­­ті­­нектеп қазып көр­ген­де, қорам­сақ шыға келеді. 21 жебесімен. Содан бұған тиіспейік деп, ар­хео­логтарды шақырады. Олар бір жеті қазып, табылған жә­ді­гер­лерді Ұлан-Батырға әкеледі. «Со­дан бір жұмадан кейін осы жақтан экспедициямен мен бардым. Бірақ бастапқыда олар менен қызғанып, көрсеткілері кел­меді. Дегенмен «тілін тауып» сөй­лес­кесін жібіп, әлгі та­был­ған саз ас­па­бын көрсетті. Қара­сам, өзіміздің шығыстың абай-дом­бы­ра­сына қатты ұқсайды. Тек мойыны майысып қалған. Моң­ғол­дар оны өздерінің «ат-қо­бы­зы» («Мо­рин-хуур») дейді.

Бірақ оны­сына мүлде келмейді, – деген Қаржаубай Сартқожаұлы аспапты айнал­дыра қарағанда, оның тоғыз пернелі, қос ішекті домбыра екеніне шүбәсі қалмағанын айтады. – Шанағының бетінде жа­бысып қалған тиегі бар, бірақ қазіргі домбыра­лар­­дай ойық тесігі жоқ, оның орнында ине­нің көзіндей үш тесік байқалады. Төң­керіп қарасам, негізгі тесік шанақтың артын­да айқұш түрінде ойылыпты. Домбыраның басы бұғы немесе бұлан­ның басы іспетті жасалған. Мойнында тоғыз пернесі және жазуы бар. Кәдімгі  көне түркінің бітік (руни­ка) жазуы».

Бұдан әрі домбыраның сипаттамасын ғалымның ғылыми сараптамасына сүйеніп берсек.

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ:

– Ат қобыздың (Морин-хуур)  ша­нағы үлкен әрі төрт бұрышты, мойны қысқа әрі сом жуан болады. Мойнының ба­сын­да аттың басының мүсіні қонды­рыл­­ған, ысып тартып үн шығаратын ас­пап (№1 суретті қараңыз).

Оның ішегін жылқының құйрық қы­лынан жасайды. Жылқының екі топ қы­лын алып жуып, тазалап, аспапқа ішек етіп орналастырады. Ат қобыз­дың тиегі биік болады. Ішек топ қылдан жасалған­дықтан, тиектің ішек орналасқан кертік кетігі, шертіп үн шығаратын аспаптарға қарағанда, жалпақ әрі көлемді келеді. Шертіп үн шығаратын аспаптың тиегінің кертігі 0,7-0,8 мм-ден аспайтын болса, ат қобыздың тиегінің кертігі 3-4 мм-ден кем болмауы керек. Украинаның хому­сы, түркітектестердің қобызы сияқты әлемдегі барлық қобыз аспаптарының мойны қысқа әрі сом жуан болады. Оның себебі ысып, есіп үн шығаратын болғандықтан, аспаптың мойнына күш түседі. Сонымен бірге қобыз аспабында перне болмайды.

Ал үңгірден табылған саз аспабының мойны жіңішке, шанағы қушық. Оның сыртында жапсырған пернелердің орны бар. Бұл аспаптың тиегі бар. Тиегінің кертігі 0,08 мм-ден аспайды. Бұл аспап ысып үн шығаратын аспап емес, шертіп үн шығаратын шертпе аспап екендігі жіңішке мойнынан, екі құлағынан, пер­не­сінен, тиек сипаттамаларынан көрініп тұр (№2 суретті қараңыз). Сондықтан бұл аспаптың ат қобыз еместігі белгілі болды.

Домбыра шанағы. Шанақтың бірінші бетіне екі ішекті аспаптың тиегі орналасқан. Тиек орнынан қозғалып, шанақтың бетіне көлденеңінен емес, ұзына бойымен парал­лель жабысып қалған. Ішек тартылып барып үзілген кезде орнынан қозғалған. Шанақтың бірінші бетінде иненің көзіндей үш тесік бар. Үлкен тесік жоқ. Домбыраның шанағының беткі беті мойыннан 2 мм-дей биік орналасқан. Үлкен тесігі шанақтың сыртқы бетіне айшық таңбамен ойылып салынған. Айшық – керей тайпасының таң­басы. Шанақтың сыртқы бетіне бұғы­ның, бұланның суреттері ойып салынған. Тас бетіндегі суреттерден көп айыр­ма­шы­лығы жоқ.

Домбыра пернесі. Аспаптың тоғыз пернесі болған. Тоғыз – түркілердің киелі саны. Этностың бір символына айналған сан. Пернелерді ішекпен немесе жіппен тақпаған. Ырғай, қараған немесе қайың­ның ішкі жұқа қабығынан таспалап тіліп алып, перне етіп жапсырған. Перне етіп жап­сырған жұқа қабыршықты домбыра­ның мойнын орап орналастырған. Осы кезде домбыраның мойнына жазылған әріптердің үстінен таспалап жапсырған пер­­не қабыршықтары басып қалған. Жазу­дың кейбір әріптері қабыршық астында қалып қойған.

Домбыраның басы. Домбыраның басы бұғы мен бұланның басына ұқсас. Бүгінгі күннің домбыраларындай қалақбас емес. Ежелгі дәуірден келе жатқан аң стилімен жасалған.

Қазақ халқы мұсылман дінін қабылда­ғаннан кейін аң стилін жойды. Себебі тәңі­р­шілдіктің барлық нышандарын жоймайын­ша, мұсылман дініне бүкіл халық бойсұну мүмкін емес еді. Аспаптың мойнының қисаю себебі төмендегідей: онда, бірінші, қандай да бір осындай ағашты қабырғаға сүйеп қоя салса, бір айдың ішінде қисайып қалады. Екінші, аспапта ішек болған. Ішекті көшпелі түркілер қойдың аш ішегінен иіріп жасайды. Ішек кепкен сайын тартыла-тартыла үзіледі. Міне, бұл да мойынның қисаюына әсер еткен.

Мәтін. Түпнұсқа:

яғни 16 таңба, бір қос нүкте бар.

Транслитерациясы:

Транскрипциясы:

Аудармасы:

Жұпар күй әуені бізді сүйісіндірді

Жазу түрік тілінің үйлесім заңдылығына бағынбаған. Тұжырып айтсақ, түрік бітігке реформа жасалудан бұрынғы жазу. Қара­ңыз, басқы J (ž2, j) таңбасы – жіңішке айты­ла­тын сөзде, ал үшінші таңба r (r1) – жуан ай­­ты­­ла­тын сөзде жазылатын әріптер.

Байырғы түрік бітігтің грамматикасына б.з. 552-570 жылдары реформа жүргізілген. Ал мынау – одан бұрынғы дүние.

Рефор­мадан бұрын байырғы түрік бітігтерінің әріп-таңбаларын ағымдағы түрде қосып жаза беретін болған. Ол дәуірде жазудың грамматикалық ережесі жасалмаған. Сон­дықтан б.з. V-VI ғасырларда жасалған бо­луы мүмкін.

Осындай сараптама жасап, көненің құ­пия­сына үңілген ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы табылған жәдігердің түп-төркінін аңызбен де салғастырып, «Ақсақ құлан» аңызын да еске алады. Домбыра шанағындағы қазіргі тесік осы аңыз бо­йын­­­ша қағанға баласының өлімін естірт­кен аспаптың көмейіне құйылған қорға­сыннан қалғанын білеміз. Бұл аңыздың оқиғасы 1220-1227 жылдар шамасына тән болса, мына табылған домбыраның мойнындағы бітік жазуы оның одан ерте заманда да бабаларымызға серік болға­нын айғақтайтындай.

P.S.

Жоғарыда айтылған үңгірден домбырадан бөлек, бас сүйегі бүтін адамның қаңқасы 20 дана садақтың темір оғы, оқтың ағаш саптары, жалпақ қасты қазақы ер,  екі түрік үзеңгі табылған.


Айбын БАҚЫТҰЛЫ, «Алаш айнасы».

Пікірлер