Сүгірдің шәкірті – Самар күйші

3359
Adyrna.kz Telegram
Жақында Кентау қаласында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан күйші Самар (азан шақырып қойған аты Самариддин) Сүйіндікұлы редакциямызда қонақта болды. Түркістан ауданы «Абай» мектебінде музыка пәнінен дәріс беріп, ұстаздық еткен, Кентау шахтасында тер төккен қарияның ұсталығы да бар екен. Домбыра, үй жиһаздарын өзі жасай береді. Бәрінен бұрын он саусағынан бал тамған күйшілігін айтыңыз.

- Қария, сізді әйгілі күйші Сүгірді өз көзімен көріп, күйін құлағымен тыңдаған деседі. Рас па?
- Соғыстан кейінгі 46-47-жылдар. Халық күйзелген қиыншылық уақыт. Ол уақта біз Түркістанның түбіндегі Шорнақ ауылынан үш-төрт шақы­рымдай жердегі Ерназар колхозында тұрамыз. Аша ауылдық кеңесіне қа­райды. Бір күні Қаратаудан асып, Сүгір көкеміз түйемен ауылға келді. Қағілез ғана кішкентай шал екен. Тап-таза.
Кешке таман біздің үйге жұрт жи­налды. Келсем, Сүкең жамбастап жа­тыр екен. «Әй, Сүгір, мына ел сенен күй күтіп отыр» деді әкем Сүйіндік. «Шар­шап келдім» деді күйші. «Сонда да күй тартып жібер» деп әкем тақымдап қоймады. Сүкең «қой, болмас!» деп жат­қан орнынан түрегеліп, күйді бір тоқ­таусыз тартты дейсің. Отырған ор­нынан жылжып кетеді екен. Ша­наққа қолы тимейді. Жұрт ел-сел болды. Ертесіне күйшіні туыстары шақыра бастады. Одан кейін арғын-тобықтылар Сүкеңді қоймай шақырып алып кетті. Күй тыңдап риза болған жұрт қолын­дағы барын аямай тарту етіпті. Сүкең «Бірталай нәрсе жиналды, сен мұны ақшаға айналдырып бер» дейді жез­деміз Шөкеңе. Жездем бір түйеге сыя­тындай жүк қалдырып, қалған мал мен ұн, бидайды ақшаға айналдырады. Сөйтіп, Сүкеңді Суындықтың асуына дейін шығарып салады. Жалпы, Сүкең біздің ауылға жиі келіп тұратын. Ауыл адам­дары екі домбыраны дайындап қояды екен. Сүкең көбіне біздің үйдің қолдан шауып жасаған кішкене қазақы дом­бырасын тартатын көрінеді. Сү­кеңнің тартқан күйін өз құлағыммен естігенім болмаса, ол кісі маған күйін үйреткен жоқ, әрине.
- Шамасы, әкеңіз де күйші болған ғой?
- Әкем орта шаруалы адам болған, күйді жақсы тартатын. Жас кезінде сал-серілеу болыпты. «Жігіт кезімде Арқадан жесіріне өкпелеп бір жігіт келді, ой, керемет әнші екен. Жақсы жолдас болдық. Жалғыз атын сұрап едім, ер-тоқымын сыпырып бере салды. Кетерінде жаяу жіберем бе, ат мінгізіп жібердім» деп отыратын әкем. Арқада Сармалай деген әнші-композитор өткен. Әкем айтқан әншіні сол Сармалай ма деп те ойлаймын.
Әкемнің бір мал бағатын Бердімұрат деген күйші досы болды, екеуі күй тартып, біздің үйде көп әңгімелесетін. Бала болсам да құлағымды сап тың­даймын. Бір әңгімелері есімде қалыпты. «Жоңғар шапқыншылығы кезінде бір әйелдің аяғы ауыр екен. «Ойбай, жау кеп қалды» деп жұрт дүркірей қашып, әлгі әйел жұртта қалыпты. Бес жасар бүлдіршін қызын жетектеп, елдің артынан жалғыз жолға шығады. Бір жерге келгенде босанып, ұл туады да, өзі өліп кетеді. Сол кезде бес жасар қыз­дың кішкентай бөпесін етегіне салып жүріп, айтқан зары екен» деп, қобызшы Ықылас бір зарлы күйді тартып отыратын еді» деп, екеуі түнімен көп әңгімелесіп отыратын. «Артынан бес жасар қыздың ағасы іздеп келіп, шешесінің өлігін жасырып, құндақ­таулы баланы алдына алып, қарындасын артына мінгестіріп, еліне қайтып келе жатқанда туған «Қара жорғаның жүрісі» деген күй екен деп, Ықыластың бір күйін тартатын. Руы тарақты Бер­дімұрат­тың бауыры Мырзамұрат одан да өткен күйші екен. Бір күні дарияның жа­ғасында отырған Мырзамұраттың үйіне әкем барып түседі. Келген соң менің ептеп домбыра шертетінімді байқап жүрген әкем «Мырзамұраттың күйін тыңдап көретін екенсің» деді маған. «Әке балаға сыншы» деген, үй­ренсін дегені ғой.
- Қаратау өңірінде өскендіктен Сүгір күйлерін нәшіне келтіріп тартуыңыз түсі­нікті. Ал енді Ақтөбеден шыққан са­ры­ны бөлек Қазанғаптың күйлерін қай­дан үйреніп жүрсіз? Ең күрделі күйі «До­малатпайды» қатырып тартады екен­сіз. Қалай алып жүрсіз?
- Құдай бұйыртты, алдық қой. Құр­манғазы, Дина, Кәуен, Тәттімбет күй­лерін де тартамын. Сүгір екібастан. Жүз­ге тарта күй білемін. Ақтөбеде
мә­дени-ағарту училищесінде сырттай оқыдым. Сол кезде халық ақыны Нұр­пейіс Байғаниннің Момын деген күйші баласымен бірге оқып, дос болып, үйінде де қонақ болдым. Қазанғаптың сарыны сол жақта жүріп сіңді-ау дей­мін.
- Өзіңіз шығарған төл күйлеріңіз бар ма?
- Елу үш жыл отасып, жеті перзен­тім­ді дүниеге әкелген Кеңескүл есімді жарыма арнап шығарған «Арнау» деген күйім бар.
- Жыршылық өнеріңіз де бар екен. Авторы белгісіз «Шора батыр» қиссасы­ның көп жерін жатқа айтады екенсіз. Қа­ғазға да түсіріпсіз. Бұл қисса қайдан қо­лыңызға түсіп жүр?
- Өткен ғасырдың 60-жылдарында Түркістан ауданына қарасты Шорнақ селосында Әбдірайым деген арабша сауатты молда кісі болды. Руы — то­бық­ты. Бұл кісі ежелгі қисса, жыр-толғау­ларды жинақтап жүреді екен. Әкем Сүйіндік сол кісіден «Шора батыр» қис­сасын арабша көшіріп алып, қа­зақ­шаға ауызша аударады. Сол аударманы балалары Шарап пен мен қағазға тү­сірдік. Сөйтіп, жатқа айтып жүрдік. Шарап қайтыс болғаннан кейін көп жылдар өтіп, бұл қисса да ұмыт бола бастады. Бір жақсысы, аударма өзімнің қобдишамда сақтаулы еді. Сол екі бө­лімнен тұратын қиссаны қайта жаң­ғыртып, көшіріп шықтым. Осы «Шора батыр» қиссасы жақында кітап болып басылып шықты.

- Бәрекелді!

Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ, «Айқын».

Пікірлер