Былтыр жаңа жылды тойлауға Астана қаласы 836 млн теңге бөліпті. Алматылық салық төлеушілердің 800 млн теңгесі қаланы безендіруге, жылтырақтар мен ертегі кейіпкерлерінің мүсінін орнатуға жұмсалған. Шымкент әкімдігі шырша құру, отшашу деп 80 миллион теңгені шашып жіберген. Өзге облыстар да жаңажылдық той-томалаққа қыруар қаржы бөлді.
Ал енді мына қызықты қараңыз! Қазақша жыл басы саналатын Наурыз мейрамына бюджеттен бір тиын бөлінбеген. Тек 2024 жылы Алматы әкімдігі мерекелік шараларға байланысты баннерлер жасауға және орналастыруға деп 71 млн теңгеге тендер жариялаған. Тіпті Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің өзі Наурызды тойлауға республикалық бюджеттен бір тиын қарастырылмаған депті былтыр.
Демек, Наурыз мерекесі әлі де мемлекеттік деңгейде тойланып жатқан жоқ. Кей өңірлерде тіпті жетім қыздың тойындай жұпыны өтеді. Григорян күнтүзбесіндегі жаңа жылға миллиондап ақша бөлетін әкімдер, күн мен түн теңелер тұста тарылып қалатыны нес?
Әйтеуір былтырдан бері "Наурызнама" тұжырымдамасы бекітіліп, Ұлыстың Ұлы тоғыз күн тойланатын болды. Бірақ әлі де науқаншылдыққа салынып жатырмыз. Мәселен, бүгін бюджетниктер мен мем. қызметкерлер жаппай оюлы шапандарын жамылып алыпты. Әр мекемеме ұлттық киіммен ролик түсіріп, әлем желіге таратсын деген тапсырма да болған сияқты. Сондықтан Алматының Барахолкасындағы "қырғыз рядта" қырғын сауда болып жатыр бүгін. Ал, ертеңнен бастап еуропалық үлгімен Қытайда тігілген шүберектерімізді киіп аламыз. Көбояушылық әйтеуір...