Қызылжардағы қиындық. Қазақ мектептері неге тапшы?

698
Adyrna.kz Telegram

Қызылжардағы қазақ мектебінің аздығы оған деген қажеттіліктің көрсеткіші ме, әлда басқа себебі бар ма?

2023 жылы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептер жайлы алаңдаушылық білдіріп, өз парақшасында бірнеше маңызды мәселені көтерген болатын.

Депутат ұсынған деректерге сәйкес, облыста 454 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 112-сі – қазақ мектебі, 246-сы – орыс мектебі, ал 96-сы – аралас мектептер. Сонымен қатар, ресми мәліметтерге сүйенсек, облыстағы 72 360 оқушының тек 18 447-сі ғана қазақ тілінде білім алады.

ТІЛДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ? 

Мемлекеттік тілде оқуға деген ниет, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында бәсең екені әлі күнге дейін байқалады. Бұл туралы тіл жанашыры, Қызылжар тұрғыны да ашып айтты.

"Облыс халқының 35-38 пайызын қазақтар құрайды. Петропавл қаласының отыз пайызға жуық тұрғыны – қазақ. Қалада шамамен қырық мектеп болса, соның алтауы ғана қазақ мектебі. Осыдан-ақ, пайымдауға болады. Былтырғы статистикаға сәйкес, 9600 қазақтың баласы орыс мектебінде, орыс сыныбында отыр. 9600 бала деген түгелдей он мектептің оқушылары ғой», - дейді Жанат Мұхаммеджан.

Ол бұл мәселеде Тілдердің дамыту басқармасының жұмысы тоқтатылғаны дұрыс болмады деп есептейді.  

«Қарағанды, Талдықорған қаласында, бірнеше облыста Тілдерді дамыту басқармасы бар. 2018 жылы бізде осы басқарманың жұмысын тоқтатып тастады. Содан соң бұл салада кері кету процесі басталды. Мысалы, 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың жоспары, 2011-2020 жылға арналған жиырма жылдық бағдарламалар болды. Сол уақыт бойы жасалған жұмыстар қазір кері кетіп жатыр. Тілге байланысты мәселе көп. Бізде екі аудан бар. Екі ауданда бір ғана қазақ мектебі бар. Ол ауданда шамамен елу ауыл болса, ортақ бір ғана мектеп бар деп елестете беріңіз. Ал бұл мәселемен айналысатын Тілдерді дамыту басқармасы жоқ. Сол себептен осындай мәселелер қордаланып қалған», - дейді белсенді. 

«ӨЛСЕМ ДЕ БАЛАМДЫ ОРЫС СЫНЫБЫНА БЕРМЕЙМІН»

Жанат Мұхаммеджан қазіргі қалыптасқан ахуалдың тағы бір себебін айтты.  

«Бізде бүгінгі күнгі проблема - бала тілінің орысша шығуы. Екіншіден, қаладағы көп ата-ананың он бес пайызы ғана қазақша ойлайды, сөйлейді. Ал қалған он бес пайызы әйтеуір жүрген қазақ", - дейді Жанат Мұхаммеджан.

Әлеуметтік желіде @n_senberinde парақшасында осы мәселеге қатысты арнайы жазба жарияланған.

«Солтүстік Қазақстан облысының орталығы — Петропавлда қазақ тілінде оқытатын мектептер саны орыс мектептерінен екі есе аз. Оның себебі анық сияқты. Петропавл — Қазақстандағы қазақтар үлесі жалпы қала тұрғындары үлесінде басым ұлтқа айналмаған жалғыз өңір. Ресми дерек бойынша, қала тұрғындарының 50 пайызы — орыстар, 35 пайызы — қазақтар.
Дегенмен қаладағы қазақ балаларының 40 пайыздан астамы ата-аналарының шешімімен орыс тілінде білім алады. Бұған не себеп?» - делінген жазбада.

«Балалар көбі гаджеттерге бейім ғой, мультфильмдер, балаларға арналған видеолар көп көреді. Мультфильмдердің көбі орысша тілде, орыс дәсүрі мен батыс мәдениетін көптеп дәріптейді. Соның салдарынан  балалар орыс тілін туа сала менгеріп, ата аналары қазақ тілі базасын үйретсе 2 тілде сөйлейтін бала болады, ал егер ата аналардың қазақ тілін білмей немесе үйрететін уақыты мен қалауы болмаса бала орыс тілде сөйлейді деп санаймын», - деп жазба астына @sarsenbai_mt есімді оқырман өз ойын қалдырған.

Ал @madinatx есімді оқырман:

«Үйдегідердің бәрі орысша сөйлеген. Бірақ мені қазақ сыныбына жіберген. Ал менен кейін туған балалар орыс сыныбында білім алып жатыр. Қазір 4 курстамын, қазақ тілінде оқимын. Иә, кейбір кездерде қиын болды. Дегенмен, өлсем де болашақ балаларымды орыс сыныбына бермеймін», - деп жазған.

Бұған «Совет одағын аңсағаннан шығар», - деп @janibek_nurysh деген текпен Instagram қолданушысы пікір қалдырған. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер