Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ел мүддесіне қатысты игі бастамалар талқыға түсті. Бұл Ұлттық құрылтайдың қоғамдық консолидацияны дамытатын платформаға айналғанының дәлелі. Алқалы жиында айтылған ой-пікірлер мен бастамалар бір күндік шара емес, ел ертеңін нығайтатын нақты істерге айналып келеді. Бурабай баурайында көтерілген өзекті мәселелерге байланысты ел азаматтары өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Жүзден астам түйткілдің түйіні тарқатылды
Раббым Борашов, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, дара кәсіпкер, Ұлттық құрылтай мүшесі
— Ұлттық құрылтай осымен IV рет өтіп жатыр. Ол осы уақыт ішінде саяси және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, елдің дамуына арналған тиімді шешімдер қабылданатын платформа ретінде қызмет етіп келеді. Осы жолы да көп мәселелер талқыланды. Жүзден астам түйткілдің түйіні тарқатылды. Әсіресе жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі бәрімізді алаңдатады. Елдегі діни ахуал да мәз емес, бесіктен белі шықпаған кішкентай балалар хиджап киеді, сабаққа орамалмен барғысы келеді, ораза ұстайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теріс ағымдар мен жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екенін қадап айтты. Жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқаны да белгілі. Қазақстанда наным-сенім бостандығы бар, дегенмен шектен тыс жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке жол беруге болмайды дегенмен толықтай келісем. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеу туралы сөз болды. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі алаяқтық, телефон соғу арқылы алаяқтық әрекеттер жасау өршіп тұр. Осындай жағымсыз оқиғаларға тосқауыл қою қажеттігі айтылды. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылы бойынша жұмысшы мамандықтарға бет бұру бойынша көптеген ұсыныстар түсті. Қазір жастар жоғары білім алуға ұмтылады, бұрынғы кездегідей кәсіптік-техникалық мамандықтарға, педучилищелерге ешкім барғысы келмейді. Қазір елімізде нағыз қажетті жұмысшы мамандар жетіспейді. Мысалы ауылды жерлерде қарапайым ветеринар жоқ, бұрын бұл мамандықты училищелерде оқып келіп, жас кадрлар ауылға қызмет ететін. Құрылтайда өңірлер проблемасы осылай кеңінен қозғалды. Өзім маңғыстаулық болғандықтан айта кетейін, өңірде ауызсу мәселесі өте өзекті болғандықтан бізде теңіз суын тұшытатын зауыт салынып жатыр. Аймақ билігі халықты ауыз сумен толықтай қамтимыз деп отыр. Бұл жергілікті халықтың мұң-мұқтажын, наразылығын басады деп ойлаймын. Сондай ақ Өзенде қалашық салынады, әуежай құрылысы басталады деп жоспарланған. Қарт Каспий жобасы бар, Ресейде соғыс болып жатқандықтан Қытайдан Еуропаға тауар жөнелтілетін жолдардың мәселесі көтерілді. Біз өз кезегімізде елдің ішінде жүргендіктен Президент айтқан тапсырмаларды жұртқа айтуға тырысамыз. Мен ауылдық жерді дамыту туралы ұсыныс айттым. Қазір халық ауылдық жерден қалаға көптеп көшіп жатыр, ал үлкен шаһарларда кептеліс, мектеп, балабақша жетіспейді, жастар үйсіз-күйсіз жүр. Менің ойымша, қалаларда 20-30 қабатты үй сала бергенше, ауылды дамыту қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Жылқы өсіру бойынша Қазақстан алдыңғы орындарда тұр екен, оны ары қарай дамытуға мүмкіндік бар. Еліміздегі жылқы шаруашылығы институтын дамыту қажет. Жалпы, жылқы өсіру үлкен сұранысқа ие кәсіп. Сондықтан бұл шаруашылықпен айналысам дегендерге қолдау да бар. Әр құрылтай сайын мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Келесі құрылтай Қызылорда өңірінде өтеді деген ұйғарымға келді. Ұлттық Құрылтайда көтерілетін тақырыптар мен қабылданатын шешімдер ел дамуының жаңа белестеріне жол ашады деген үміт зор.
Ономастика мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылданды
Мырзабек Туйганов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Қостанай облысы бойынша өкілі, аймақтармен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы
—Ұлттық құрылтай - халқымыздың басын біріктіріп, ұлттық деңгейдегі маңызды мәселелерді шешуге арналған дәстүрлі жиынның заңды жалғасына айналды. Бұл отырыста қабылданған шешімдер ең алдымен, ел бірлігін сақтау мен нығайтуға бағытталған. Ал көтерілетін проблемалар объективті түрде анықталып, ашық диалогқа негізделген. Бұл заманауи тәсілдер болып табылады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде ономастика мәселелері ерекше маңызға ие болды. Қалалар, елді мекендер, астаналар, облыстар, аудандар, су қоймалары және басқа да нысандар мен жер-су атаулары тарих, тіл және география бойынша мол ақпаратты қамтиды. Сондықтан ономастика саласындағы жұмыс мемлекеттік маңызы бар міндет. Бұл ҚР Президентінің IV Ұлттық құрылтай отырысындағы сөйлеген сөзінде тағы бір рет расталды.
Ұлттық құрылтайдың маңызды шешімдерінің бірі – республикалық ономастикалық комиссияның аясында ономастикалық жұмысты орталықтандыру болды, оның міндеттері – тарихи атауларды қайта жаңғырту, жаңа атауларды бекіту, оларды топонимдер арқылы рухани мұраны сақтап, көбейту. Елді мекендер, көшелер және басқа да жер-су атауларын өзгерту мәселелері көбінесе қоғамдық пікірталастарды туындатады. Себебі қабылданған шешімдердің аймақтық және ұлттық мүдделер тұрғысынан ұтымдылығы мен негізділігі туралы халыққа ақпарат дұрыс берілмейді. Яғни неге ол атауды өзгерттік, мән-жайын түсіндіру жағы кемшін болып тұр. Осы түйкілді қолға алып жатырмыз. Негізі, ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Мемлекет басшысы да осыны негізге алуды үнемі айтып жүр.
Айта кетелік, Ұлттық құрылтайда қабылданған Республикалық ономастикалық комиссия құру туралы шешім бірнеше міндетті атқарады. Біріншіден, бұл мемлекет тарапынан ономастика мәселелеріне қолдау көрсетіп, оларды ең жоғары ұлттық деңгейге шығарады. Екіншіден, орталықтандыру мемлекеттік унитарлық принципінің Конституцияда бекітілгендігін нығайтуға ықпал етеді. Үшіншіден, Республикалық ономастикалық комиссияны құру - аймақтардағы ақпараттық кеңістіктегі жалған ақпараттарды азайтып, қабылданған шешімдерді дұрыс түсінуге септігін тигізеді.
Ел игілігі үшін жұмыс жасауымыз қажет
Бекбол Рамазан, Алматы қаласы мәслихатының депутаты
— Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтай еліміз үшін аса маңызды оқиға. Бұл алаңда қоғамның түрлі салаларынан өкілдер қатысып, Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жиында алдағы жұмыс бағыттарын айқындап, нақты тапсырмалар берді.
Бұл құрылтай еліміздің болашағы үшін маңызды қадамдар жасалған алаң болып, Президенттің тапсырмалары Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретін шешімдерге жол ашты.
Құрылтайдың басты тақырыптарының бірі - салық жүйесін жетілдіру. Президент заңнамаға қажетті түзетулер енгізу бойынша тапсырма беріп, бұл қадамның экономикалық тиімділікті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы жаңа қауіптер, атап айтқанда интернет-алаяқтық пен жалған психологтардың көбейіп кеткені туралы да сөз қозғалды. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар берілді, бұл қоғамның сенімін нығайтуға және құқықтық тәртіпті сақтауға ықпал етеді деп санаймын.
Киноиндустрияда да елеулі өзгерістер күтілуде. Президент отандық фильмдердегі сапасыздық пен әлеуметтік маңызы жоқ контенттерге қатысты мәселелерді көтеріп, оны реттеу қажеттігін айтты. Бұл жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей әсер ететін мәселе, сондықтан фильмдердің мазмұнын алдын ала сүзгіден өткізу өте маңызды.
Шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты ұсыныстар да талқыланып, Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдады. Елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында осы бағыттағы заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігі сөз болды. Бұл шаралар өңірлердің дамуына серпін беріп, қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді.
Жаңа заман талаптарына сай елімізде цифрландыру, жасанды интеллект және агроөнеркәсіп салаларында жүйелі жұмыстар қолға алынуы қажет. Президент осы салаларда Қазақстанның мүмкіндіктерін кеңейту керектігін атап өтті. Бұл біздің еліміздің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.
Қорытындылай келе, 4-ші Ұлттық құрылтай еліміздің дамуы үшін маңызды әрі тарихи қадамдар жасалған алаң болды. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру арқылы біз елімізді одан әрі дамытып, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге үлкен үлес қосатын боламыз. Барша халықты біріктіріп, жалпы игілік үшін жұмыс жасауымыз қажет.