АҚШ федералды бюджеті арқылы қаржыландырылатын «Америка дауысы» радиостанциясының 1,3 мыңнан астам қызметкері әкімшілік демалысқа жіберілді. 83 жылдық тарихында алғаш рет радиостанцияның хабар таратуы тоқтатылды. Бұл туралы редакция директоры Майкл Абрамовиц LinkedIn әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Мен қайғырып отырмын, себебі 83 жыл ішінде алғаш рет аңызға айналған «Америка дауысы» үнсіз қалды. Бүгін таңертең мен радиостанцияның 1300-ден астам журналистері, продюсерлері және техникалық қызметкерлері сияқты өзімнің де әкімшілік демалысқа жіберілгенімді білдім. «Америка дауысына» шынайы реформалар қажет, және бұл бағытта белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілген болатын. Алайда бүгінгі шешім радиостанцияның маңызды миссиясын орындау мүмкіндігінен айырады. Бұл миссия әсіресе қазір өте маңызды, өйткені Иран, Қытай және Ресей сияқты Американың қарсыластары миллиардтаған доллар жұмсап, АҚШ-ты қаралайтын жалған ақпарат таратуда», – деп жазды Абрамовиц.
Оның айтуынша, егер агенттік қандай да бір формада сақталып қалса да, АҚШ президенті әкімшілігінің бүгінгі әрекеттері оның еркін және қауіпсіз әлем қалыптастыру қабілетіне үлкен зиян тигізеді.
«80 жылдан астам уақыт бойы «Америка дауысы» АҚШ-тың баға жетпес байлығы болып, коммунизмге, фашизмге және қысым көрсетуге қарсы күресте маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ бүкіл әлемде бостандық пен демократияны қорғады. Бүгінде оның аудиториясы аптасына 360 миллионнан аса адамды құрайды. 48 тілде хабар таратылады. Диктатура жағдайында өмір сүретін көптеген адамдар үшін «Америка дауысы» жалғыз сенімді ақпарат көзі болып қала береді», – деп атап өтті ол.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бюрократиямен күресу мақсатында бірнеше мемлекеттік мекеме қызметін барынша қысқарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Оның ішінде АҚШ-тың ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) де бар. Ол «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» мен «Америка дауысын» бақылайды. Сенбі күні Трамп әкімшілігі «Азаттық радиосының» бүкіл желісін қаржыландыруды тоқтатқанын жариялады.