Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы жаңа қызметтік көлік сатып алуға тендер жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Мемлекеттік сатып алу сайтына сілтеп.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта басқарма балансында 2018 жылы шығарылған Skoda маркалы автокөлік бар. Оның жалпы жүрісі 297 000 шақырымға жетіп, жиі істен шығуына байланысты күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы себепті көлікті техникалық қызмет көрсетудің шығыны артып, оны пайдалану тиімсіз болып отыр.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңа көлікті сатып алу үшін қаржы 2025 жылға арналған бюджетте қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лотқа сәйкес, жаңа көлік С-класс санатына жатуы тиіс және оны сатып алуға 22 миллион теңге бөлінген.
Әкімдік өкілдері бұл шешім қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.