13 наурыздан бастап Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді. Жүргізушілер мен жолаушыларға қатысты бірнеше жаңа талаптар енгізіліп, кейбір айыппұл мөлшері артты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Көліктің сыртында отыруға және терезеден бас шығарып жүруге тыйым салынды. Сондай-ақ, жүріп келе жатқан көліктің терезесінен немесе люгінен басын шығару, көлік есігін ашу, сондай-ақ жолаушыларды көлік салонынан тыс тасымалдау үшін 10 АЕК (38 610 теңге) айыппұл салынады. Бұл талап мектеп бітірушілердің тойлау кортеждері мен басқа да салтанатты шараларға қатысты.
Арнайы қызмет көліктеріне жол бермеу үшін айыппұл екі есе көбейді.
Бұрын жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігіне жол бермегендер 7 АЕК төлесе, енді 20 АЕК (77 220 теңге) айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде бұл ережені қайта бұзған жағдайда, айыппұл 40 АЕК (154 440 теңге) болады.
Жүргізушінің қарся бағытқа шыққаны үшін айыппұл күшейтілді.
Мүгедектігі бар жүргізушілер қарсы жолаққа шықса, 30 АЕК (115 830 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Қарсы бағытқа шығып, жол апатына себепші болса, жүргізуші куәлігінен 9 айға айырылады.
Теміржол өткелдерінен өту ережелері қатаңдатылды. Теміржол өткеліне белгіге қарамастан өту айыппұлы екі есе өсті.
Бағдаршамның тыйым салатын белгісіне немесе шлагбаум жабылып жатқанда өткелден өткендер енді 20 АЕК (77 220 теңге) айыппұл төлейді. Бұрын 10 АЕК болған.
Егер бұл ереже бұзылып, жолға, көлікке немесе басқа мүлікке зақым келсе, жүргізуші 9 айға куәлігінен айырылады.
Автотұрақ ақысын төлемегендер үшін айыппұл төмендетілді. Бұрын 3 АЕК болса, енді 1 АЕК (3 861 теңге). Бір жыл ішінде бұл ережені қайталап бұзған жағдайда, айыппұл 2 АЕК (7 722 теңге) болады.
Жол апатынан зардап шеккендер болмаған жағдайда айыппұл 15-тен 20 АЕК-ке өсті.
Егер жүргізуші бір жыл ішінде қайтадан жол апатына түссе немесе кісі зардап шексе, ол 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұрын бұл мерзім 1 жыл болатын.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа жаза түрі — қоғамдық жұмыстар қолданылады. Бұл жаза жол ережесін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге тағайындалуы мүмкін.
Жаңа түзетулер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында енгізілген.