Шетелдегі қазақтардың Қазақстанмен байланысын нығайтып, елге келіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін "Ата жолы" картасына қатысты мәселелер шешімін таппай отыр. Бұл туралы қоғам белсендісі Өмірхан Алтын Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, карта туралы бастама көтерілгеніне 5-6 жыл өтсе де, оны алу процесі әлі де қиын. 2023 жылдан бері небәрі 55 адам ғана осы құжатты алуға бекітілген. Өмірхан Алтынның өзі барлық қажетті құжаттарды тапсырып, былтыр "Отандастар қоры" мекемесінен "Ата жолы" картасын алатынын" естіп, сүйінші сұрағанын жазады. Алайда арада бірнеше ай өткен соң, оған "құжат заңдық тұрғыда бекітілмеген, әзірге жарамсыз" деген жауап берілген.
"Өткен жылы қазан айында Астаға келгенде “АТА ЖОЛЫ“ қартамды алайын деп тиісті орындарға қабарласып едім олар нақтылы жауап бере алдмады. Ең соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші - қон комитетінің басшылығы заңдық түде бекітілген жоқ, қазірге түкке жарамсыз, осы үстіміздегі жыл басына дейін ол мәселе шешіледі деп сендірген болатын.
Ал осы келген жолымда мүмкін дайын болған шығар “АТА ЖОЛЫ“ қартамды алып жоспарлаған ісіме кірісейін десем жауапты бір кісі босқа үміттенбеңіз, шын мәнінде сөзде болмаса ондай құжат әлі жоқ. Сіздерге алдында жіберілген алуға болады деген құжаттың еш бір күші жоқ, еш нәрсеге жарамайды деп бүкіл елге жар салған қуанышымды, мақтанышымды жермен жексен етіп ұятқа қалтырды.
Бір қызығы президент Қасым-Жомарт Тоқаев
«АТА ЖОЛЫ» қартасы туралы мынандай сөздер айтыпты;
— Шетелде тұратын қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» қазақ картасы енгізілді. Осындай ілкімді істер жалғаса береді (29 мамыр, 2023 жыл, Еуропа қазақтарының құрылтайына жолдаған құттықтау хаты);
— Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді
(11 шілде, 2023 жыл, Маңғолия қазақтарының құрылтайына жолдаған құттықтау хаты);
—Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді (11.10.2023. Астанада өткен «Отандастар форумына» жолдаған құттықтауы)…
Сонда әлемдегі барша ҚАЗАҚТЫҢ ұлттық мақтанышы, тәуелсіз ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНЕ әрдайым сағағышпен жалтақтап қарап отыратын, тағдырдың тәлкегіне орай шет елдерде өмір сүрген милиондаған қандастарымызды қасиетті АТА-БАБАЛАР аруақтарын қорлай отырып «АТА ЖОЛЫ» атты қартаны желеу етіп көкіректен теуіп, алдап, қиянат жасап отырған президенттің өзі ме жоқ әлде ол кісінің төңірегінде топтасқан, президентке саботаж жасаушы ұлт сатқыны намыссыз мәңгүрттер ме ?
Кеше осы мәселені парламент төрінде тағы бір рет көтеріп шет елдердегі бауырларына жанашырлық көрсеткен Қазыбек Иса мырзаға ерекше рахмет айтамын", - деп жазды ол.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін "Ата жолы" картасы енгізілгенін бірнеше рет айтқан болатын. 2023 жылғы 29 мамыр – Еуропа қазақтарының құрылтайына құттықтау хатында, 2023 жылғы 11 шілдесінде Моңғолия қазақтарының құрылтайында, 2023 жылғы 11 қазан – Астанада өткен "Отандастар форумында" осы мәселе көтерілген еді.
Шетелдегі қазақтар үшін үлкен үміт болған бұл бастама қашан жүзеге асатыны әлі белгісіз.