Өзбекстанда енді әншілер концерттерінде фонограмма пайдаланатыны туралы алдын ала хабарлауға міндеттелді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Бұл туралы 11 наурызда ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойған жаңа заңға сәйкес белгілі болды.
Өзгерістер «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Жарнама туралы» және «Мәдени қызмет және мәдени ұйымдар туралы» заңдарға енгізілді. Енді өнерпаздар өздерінің жарнамалық материалдарында концертте жанды дауыспен өнер көрсететінін немесе фонограмманы толық немесе ішінара пайдаланатынын көрсетуі керек. Сонымен қатар, концерт бағдарламасында тек орындаушының ғана емес, ән авторларының да есімдері жазылатын болады.
“Бұл көрермендерге саналы таңдау жасауға көмектеседі. Қандай әнші ән айтып жатыр, кім музыка жазды, орындау қаншалықты тірі, фонограмма қолданыла ма – барлығы айқын және ашық болады,” – деп түсіндірді Сенат өкілдері.
Сонымен қатар, елдегі өнерпаздардың қызметін реттеп, лицензия берумен айналысатын мемлекеттік «Өзбекконцерт» ұйымының басшысы ауысты. Бұл қызметке Одилжон Абдукаххоров тағайындалды. Ол бұған дейін 2017-2020 жылдары осы мекемені басқарған.
Ол билік еткен кезінде әншілердің сахнадағы киіну стиліне, сақал қоюына және президентке арналған мадақ әндеріне сын айтып, оларды жиі тәртіпке шақырған еді.
Жаңа заң ресми жарияланғаннан кейін бірден күшіне енеді.