Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Алматыда ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге ескерткіш орнатылмайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол мәжілісте өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді.
БАҚ өкілдері Алматыда Жириновскийдің монументін орнату жоспары рас па деп сұрады. Өйткені бұл ақпарат қазақстандық және ресейлік басылымдарда кеңінен таралған еді.
— Сіз бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқардыңыз, ал қазір мәдениет пен өнер саласын қадағалайсыз. Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнату мүмкін бе? — деп сұрады журналист.
— Жоқ, әрине! – деп қысқа жауап берді Көшербаев.
— Неліктен? – деп нақтылады журналист.
— Өйткені жоқ, – деп түйіндеді вице-премьер.
Тілшінің содан кейінгі анықтау үшін қойылған сұрағына шенеунік "Жоқ деген соң жоқ!"-деп қысқа қайырды.
Көшербаев одан әрмен бұл тақырыпқа қатысты басқа түсініктеме беруден бас тартты.
Владимир Жириновский Алматыда дүниеге келген. Ол 2022 жылғы 6 сәуірде 75 жасында Мәскеуде қайтыс болды. 2024 жылдың қараша айында Ресей президенті Владимир Путин саясаткердің туғанына 80 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өткізу туралы жарлыққа қол қойған.
11 наурызда белгілі болғандай, жоспарланған іс-шаралар қатарында Ресейдің бірнеше қаласында және Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнату қарастырылған.