Хромтауда жарылыс кезінде күйік алған шахтер дүние салды

990
Adyrna.kz Telegram
ашық дереккөзден
ашық дереккөзден

Хромтаудағы шахтада жарақат алған шахтер қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Диапазон» басылымына сілтеп.

«Күйік шалған екі ер адам Хромтау ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды, біреуі үйіне жіберілді, тағы бір адам реанимацияға түсіп, кейін санитарлық авиация арқылы облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, ер адам 28 ақпанда «Болашақ» шахтасында үш әріптесімен бірге жарақат алған. Олар бұрғылау жұмыстары кезінде түрлі дәрежедегі күйік алған. Шахтада қысқа мерзімді ауа қоспасының тұтануы орын алған. Жарақат алған жұмысшылар бірден жер бетіне шығарылып, шахтада болған 228 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қазіргі уақытта шахта жұмысы уақытша тоқтатылған.

«Науқасқа қарқынды шокқа қарсы терапия мен комбустиологиялық көмек көрсетілді. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Алайда 7 наурызда қайтыс болды», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Хромтау аудандық ауруханасы қалған екі зардап шеккен адамның үйіне шығарылғанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда полиция бұл оқиғаға қатысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Пікірлер