Украина 30 күндік атысты тоқтатуға келісім берді

1061
Adyrna.kz Telegram
Фото: Thomas Peter/ Reuters
Фото: Thomas Peter/ Reuters

Украина АҚШ ұсынған 30 күндік атысты толық тоқтату туралы бастаманы қабылдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский 11 наурызда мәлімдеді.

Сауд Арабиясында өткен келіссөздер барысында Киев “әуедегі тыныштық”, “теңіздегі тыныштық” және “тұтқындарды босату” ұсынцстарын жасады. Өз кезегінде АҚШ бұдан да ауқымды қадам жасап, майдан шебінің барлық аумағында атысты толық тоқтатуды 30 күнге енгізуді ұсынды.

Украина бұл ұсынысты құптады, алайда Зеленский Вашингтонның енді Ресейді де келісімге көндіруі қажет екенін айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, АҚШ Украинаға әскери және қаржылай көмекті дереу қайта бастайтынын хабарлады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы барлау мәліметтерімен алмасу үдерісіндегі үзіліс жойылады.

Келіссөздер барысында Украина мен Ресей арасындағы әскери тұтқындарды айырбастау және күштеп көшірілген украиналық балаларды қайтару мәселелері де талқыланды.

Тараптар алдағы уақытта Украинаның пайдалы қазбаларын бірлесіп игеру туралы келісімді жасауға да уағдаласты.

Пікірлер