9 жыл бойы жоғары билікте қызмет еткен Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо отставкаға кетті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Трюдо қызметінен кетерде ерекше әрекетімен көзге түсті. Ол Қауымдар палатасында отырып келген орындығын өзімен бірге алып кетті. Парламент ғимаратынан кресло көтеріп шыққан экс-премьер тіл шығарып, фотоға түскен. Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар оның әрекетін “орындыққа деген сүйіспеншілік” деп бағалауда.
Джастин Трюдо 2015 жылдан бері Канаданың премьер-министрі болған. АҚШ президенті Дональд Трамппен болған қақтығыстан кейін, партия ішіндегі қысымға және Трамптың 25% тариф енгіземін деген қаупіне тап болып, қоғамдық қолдаудан да айырылды.
Оның орнына Либералдық партияның жаңа көшбасшысы болып Марк Карни сайланды.
9 наурызда өткен сайлауда Карни 85,9% дауыс жинап, партия көшбасшысы әрі Канаданың жаңа премьер-министрі болып сайланды. Алғашқы сөзінде ол Трампқа “Америка – бұл Канада емес. Канада ешқашан АҚШ-тың бір бөлігі болмайды” деп үндеу жасады.