Өзбекстан мен Түркіменстан бір-бірімен еркін сауда режимін енгізді

882
Adyrna.kz Telegram
Фото: Turkmenistan government website
Фото: Turkmenistan government website

Өзбекстан мен Түркіменстан арасында еркін сауда режимі күшіне енді. Бұл туралы Өзбекстанның Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігінің (МИИТ) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеп.

Жаңа режим аясында 25 ақпаннан бастап екі елдің аумағында өндірілген тауарлар үшін кедендік баж салығы алынып тасталды, өзара саудада шектеулер жойылды және сауда рәсімдері жеңілдетілді. Мәселен, Түркіменстаннан әкелінетін цементке (кедендік баж 100% болды), текстильге (50%), жиһазға (50%), шыны ыдысқа (50%), су жылытқыштарға (15%), пластмасса және полипропилен бұйымдарына (10%), шұжықтар мен ет өнімдеріне (кедендік баж 2 доллар/кг), мақта майына (1 доллар/кг) кедендік баж салығы алынып тасталды.

Министрлік атап өткеніндей, бажсыз сауда режимін енгізу тауар айналымының артуына және екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы 1,14 миллиард долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5% өсті.

Бұған дейін екі ел арасында Өзбекстанның Хорезм облысындағы Шават ауданында еркін сауда аймағын құру туралы хабарланған болатын. Үкіметтер арасындағы келісім 2021 жылғы 5 қазанда қол қойылған. 2022 жылдың шілде айында Өзбекстан мен Түрікменстан президенттері бұл жоспарды растады және Ташкент пен Ашхабадта екі республика арасында сауда үйлерін ашуды шешті. Сол жылдың қазан айында Шавкат Мирзиёев пен Сердар Бердымухамедов «Хорезм – Дашогуз» шекаралас сауда аймағының құрылысын бастау рәсіміне қатысты.

Аймақ 30 жыл мерзімге құрылды, мерзімі ұзартылуы мүмкін. Онда тек осы екі елде өндірілген өнімдерді «еркін кеден аймағы» режимінде сату рұқсат етіледі. Аймаққа кіру тек арнайы өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады, ал Түркіменстан азаматтары мен Өзбекстанға келетін шетелдіктер аймақта 15 күнге дейін виза алмай жүре алады.

Пікірлер