«Сирек металдарды сыртқа шығарады». «Қазақмыстың» бұрынғы қызметкері компанияны айыптады

1247
Adyrna.kz Telegram

«Қазақмыс» корпорациясы химиялық зертханалар басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Әділова «компания сирек кездесетін металдарды елден экспорттайды» деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол «Гиперборей» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Экс-қызметкер корпорацияның химиялық сараптама жүргізбестен, құрамында бағалы және сирек жер металдары бар кен мен мыс концентратын сыртқа шығарып жатқанын атап өтті. Айтуынша, бұл тәсіл шикізаттың нақты бағасын жасыру арқылы оның құнын жасанды түрде төмендетуге және ұлттық экономикаға зиян келтіруге бағытталған.

Бақыт Әділова әлемде металдарды есепке алу үшін жоғары дәлдіктегі химиялық талдау әдістері қолданылатынын, ал «Қазақмыс» тек рентгенспектралдық экспресс-талдау әдісін пайдаланғанын алға тартты.

«Қарапайым жұмысшыдан бастап, кәсіпорын басшысына дейін рентгенспектралдық әдістің нақты емес, жартылай сандық талдау әдісі екенін біледі. Жоғары қателікке байланысты бұл әдіс тек технологиялық процесті түзету үшін ғана қолданылады. Ал металл есепке алу және өзара есеп айырысу үшін жоғары дәлдіктегі химиялық талдау әдістері қолданылады»,—деп түсіндірді ол.

Әділова корпорацияның Жезқазғандағы рентгеноспектральды зертхананы заңсыз аккредитациядан өткізгенін мәлімдеді.

«Бұл – аккредитация туралы заңды тікелей бұзу ғана емес, сондай-ақ кен мен оны қайта өңдеу өнімдеріндегі металдар құрамын бұрмалауды заңдастыру болып есептеледі. Сондай-ақ экспортталатын шикізатқа рентгеноспектральдық әдіспен жүргізілген сертификаттау талдауларына қатысты дәлелді құжаттар құқық қорғау органдарына тапсырылды»,—деді ол.

Алайда «Қазақмыс» корпорациясы бұл айыптауларды жоққа шығарды.

«Сирек кездесетін металдардың құрамын жасыру, сондай-ақ экспортталатын шикізат құнын жасанды түрде төмендету туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды»,— деп мәлімдеді компания.

Айтуларынша, корпорация сирек кездесетін металдарды мақсатты түрде өндірумен айналыспайды, ал оның қызметі ұлттық және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Пікірлер