Солтүстікке қазақтарды қоныстандыру мәселесін көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов СҚО-ға жаңа жұмыс орындарын ашу туралы ұсыныс тастады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару көші баяу жүріп жатыр.
«Ресми ақпарат бойынша 2023-2024 жылдары солтүстікке жалпы 5 245 адам немесе 1 636 отбасы қоныс аударған. Оның ішінде 445 қандас ағайын бар. Нақты айтсам, 2023 жылы – 2 698 адам (821 отбасы), 2024 жылы – 2 547 адам (815 отбасы) көшкен. Яғни, екі жыл ішінде мемлекеттен көш мәселесіне бөлінген "атаулы" субсидияны алған адам саны — 5245. Олардың арасында еңбекке жарамды 2 271 адам, 18 жасқа толмаған 2 512 бала, 162 зейнеткер, 103 студент және бала күтімі бойынша декреттік демалыста отырған 197 әйел бар.
Айта кету керек, кейбір жеке бастық, отбасылық, климаттық, экономикалық себептермен кері қайтып жатқандары да бар. Олардың жалпы саны 560 адамнан асады. Яғни орта есеппен 10 пайызды құрайды. Солтүстікке қоныс аударып жатқан азаматтардың шамамен 87-92 пайызы — қазақ. Ал Қазақстан азаматы, бірақ ұлты өзбек ағайынның солтүстікке көшкен үлесі кемінде 7 пайызды құрап отыр. Өздеріңіз байқап отырғандай, соңғы екі жылда солтүстікке көшу бағдарламасы белсенді жүріп жатыр. Бірақ жылына 2500 адам деген өте- өте аз. Бұл теммпен 10 жылда 25 мың адамға әрез жетеміз. Ал табиғи жолмен облыстан кетіп жатқан адамдардың саны осымен шамалас»,—деді ол.
Белсенді әлеуметтік желідегі парақшасында мәселені шешу жолын ұсынды.
«Үкіметтен берілетін квота санын кемінде 5 мыңға көтеруді, ондағы көмек үлесін барынша арттыруды, солтүстікке жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа үйлер салуды ұсынамын. Қысқасы, көші-қонның тұрақтылығын арттыру үшін қосымша қолдау шаралары қажет.
Басты мәселелердің бірі – көшіп келген азаматтардың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету. Бұл үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, бейімдеу орталықтарын құру және көші-қон процесінің ақпараттық қамтуын арттыру қажет деп есептеймін»,—деп толықтырды Бурахан Дақанов.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі 2017 жылы солтүстіктегі облыстарға оңтүстік аймақтарда тұратын адамдарды және шеттен келген қандастарды көшіру жобасын бастаған болатын.