Қорқыт – қобыздың ғана емес, қазақ музыкасының да атасы…

4856
Adyrna.kz Telegram

«Қобыздың атасы»  атанған Қорқыт баба қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі жағында, Жанкент қаласында өмір сүрген. Жазба мәліметтер мен халық шежіресіне сүйенсек, Қорқыттың әкесі Қарақожа оғыз тайпасына жататын Баят руынан шыққан, ал анасы – қыпшақ қызы.

Өз дәуірінің ұлы ойшылы болған Қорқытты ел-жұрттың қатты қадірлегені соншалық, ол туралы небір аңыздар туғыз­ған. Сол себепті де ұлы жыраудың туғаны­нан бастап, өмірден өткенге дейінгі әрбір сәтін, бүкіл іс-әрекетін қиялға бергісіз әдемі әңгімеге, әсерлі мифке айналдырған. Абыз бейнесінің шарттылыққа құрылған белгілері көбейіп кеткендіктен де, кейінгі жұрт ақырында Қорқыт өмірде болған ба, болмаған ба деген дүдәмал ойда қалған.

Қорқыт өміріне қатысты ең негізгі аңыздарға тоқталар болсақ, әуелгі әңгіме оның дүниеге келуіне қатысты. Қазақтың аңыз-ертегілерінде Қорқыттың туған күні өте қорқынышты етіп көрсетіледі. Ол күні алай-дүлей боран соғады, нөсерлі жауын құяды, күн тұтылғандай айналаны қара түнек басып, үш күнге дейін күннің көзі ашыл­май қояды. Қаратауды қаптаған қа­лың бұлттан күн күркіреп, жұрттың құтын қашырып, зәресін ұшырады. Қорқыттың анасы тоғыз күн бойы қатты толғатып, аса қорқынышты жағдайда нәрестені өмірге әкеледі. Ол туыларда дүниені басқан қара түнектен қорыққан халық жаңа туған бала­ға Қорқыт деп ат қояды. Қорқыт ту­ған­да сөйлеп туады. Ол туарда қатты қорыққан ел туған соң қатты қуанады. Ерте есейген бала Қорқыт оғыз жұртының ұлы көсемі деңгейіне көтеріледі.

Қорқыттың қашан туғаны, қанша  өмір сүргені жөніндегі пікірлер де әр алуан. Кейбір деректер Қорқыт «VII-VIII ғасыр­лар­да өмір сүрген» десе, енді бір ғалымдар «VIII-IX ғасырларда жасаған» деген пікірді ұстанады. Сол сияқты бірқатар деректерде Қорқыттың 95 жыл жасағандығы айтылса, кейбірінде 300, тіпті 400-ге келген деген болжам бар. Ал әзірбайжандардың «Деде Қорқыт кітабында» «Расул ғалей һи уәс-салам заманына жақын, Баят бойында Қорқыт ата дейтін бір ер тұрыпты» деп, Қорқыттың өмір сүрген уақытын Мұхаммед пайғамбардың заманына жақындатады. Тіпті кейбір ғылыми еңбектерде Қорқыт атаның пайғамбарға елші болып жіберіл­гені жазылған. Бірақ мұның бәрі түркі халық­тары ислам дінін қабылдағаннан кейінгі тірлік болуы мүмкін. Шын мәнінде, көптеген дереккөз Қорқыттың оғыз-қыпшақ елі тәңір дінін ұстанған кезеңде өмір кешкендігіне, жырау, жыршылықпен қатар, бақсылық қасиеті зор асқан емші, көріпкел болғандығын меңзейді. Алайда көшпелілердің исламға бет бұруынан ке­йін­гі кезеңде Қорқыт «мұсылман әулиесі», «дін жолындағы адам» ретінде көрсетіле бастаған. Фольклортанушы ғалым Шәкір Ыбыраевтың пікірінше, «Қорқыттың бей­не­сі трансформацияға ұшыраған. Басында тәңірлік бақсы болғанымен, бірте-бірте оғыздар оны мұсылман әулиесіне айнал­дыр­ған».

Енді Қорқыт ата қазақ халқына несімен жақын, не үшін маңызды дегенге келейік. Оғыз-қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған «Қорқыт ата кітабы» сюжеті жа­ғы­нан қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгісі санатындағы «Алпамыс», «Бозжігіт», «Құла­мерген», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық – Зарлық» дастандарымен мейлінше үндес, ерекше сарындас.

Сонымен қатар Қорқыт атаның «Тәкап­пар­лықты тәңір сүймес», «Көңілі пасық ерде дәулет болмас», «Күл төбе болмас, күйеу бала ұл болмас», «Қара есек басына жүген кигізсең де, тұлпар болмас. Күңге қамқа тон жапсаң да, ханым болмас. Жа­па­лақ-жапалақ қар жауса, жазға қалмас. Ескі қамыс біз болмас. Ежелгі дұшпан дос болмас. Мінген атың қиналмайынша, жол алынбас. Қара болат өз қылышыңды шал­майынша, жаудың тауаны қайтпас. Ер ма­лын қимайынша, аты шықпас. Қыз анадан көрмейінше, өнеге алмас. Ұл атадан көр­мейінше, сапар шекпес», «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі», «Құлан құдық­қа құласа, құрбақа құлағында ойнайды», «Көңілі пасық ерде дәулет болмас», «Ұлы – атаның ері, екі көзінің бірі», «Дәулетті ұлың болса, ошағыңның қоры болар. Дәулетсіз ұл болса, атаның көрі болар. Ұл­дың күні қараң, ата өліп, мал қалмаса. Ата малынан не пайда, баста дәулет болмаса» деген сыңайлас нақылдары қазақтың ғибратты сөздерінде де кеңінен кездеседі. Бұл абыз Қорқыттың өзі де, оның рухани бай мұрасы да қазақ халқының, әдебиеті мен мәдениетінің бастапқы қайнары, төл мұрасы екендігін сөзсіз айғақтайды.

Осы орайдағы тағы бір мәселе, қазақ­тың музыкалық мұрасы санатында  Қор­қыт­­тан жеткен 11 күй бар. Бір айта кетерлі­гі, бұл Қорқыт мұрасын ортақ мұра са­­най­тын әзірбайжанда да, түрікте де, түрікменде де жоқ, яғни Қорқыт күйлері – тек қазаққа ғана тән өлшеусіз байлық. Демек, Қорқытты қазақ музыкасының ата­сы деп санауға толық негіз бар. Өкінішке қарай, П.Момынұлының «Қазақ музыка­сы­ның қысқаша тарихы» мен бес адамнан тұратын авторлық ұжым шығарған «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы» кітабының екеуінде де Қорқыттың ескерілмегенін байқаймыз.

П.Момынұлы қазақ музыкасы­ның атасы ретінде Әбу Насыр әл-Фарабиді атайды. Бірақ әл-Фарабиден музыка теориясы жөніндегі еңбектердің жеткендігі болмаса, мұра есебіндегі нақты шығарма қалмағаны белгілі. Осы ретте «Қорқыт», «Аққу», «Желмая», «Елім-ай, халқым-ай», «Сарын», «Тарғыл тана», «Ұшардың ұлуы», «Әупбай», «Башпай» іспетті ғажап күйлері қалған «қобыз атасын» қазақ музыкасының негізін салушы ретінде тани алмай жүрге­німіз өкінішті.

Фольклортанушы Ш.Ыбыраев Қорқыт­тың музыкаға ерекше міндет жүктегендігін айтады. Дана абыз күй тарту арқылы тың­дау­шысына эстетикалық ләззат беруді ғана көздемеген, өнер арқылы өмір­дің мәнін іздеген және «музыка, жалпы өнер арқылы кез келген нәрсеге әсер етуге, барлығын жеңуге болады» деп білген. Аңызға жүгін­сек, жүздеген жылдар бойы күй тартып отырған кезінде Қорқытты ажал ала ал­майды, яғни мәңгілік жасай­тын, өлімге де бас имейтін құдірет – тек өнер ғана. Соған байланысты Қорқыт өнер­ге киелі сипат берген. Адамның тәні өткінші болғанымен, оның жаны, рухы, артында қалған істері мәңгі жасайтынды­ғын ұғындыра білген.

Осыдан 21 жыл бұрын Қызылорда облы­сының Жосалы стансысынан 18 шақы­рым жерде Қорқыт атаға ескерткіш орнатылған. Темір бетоннан жасалған тіп-тік төрт көктастан тұратын ескерткіштің биіктігі – 8 метр. Жоғарғы жағына аузы кең түтіктер орнатылған. Орталық ойыққа келіп түйісетін 40 металл түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады…

Бір пікір

Шәкір ЫБЫРАЕВ, халықаралық түркі академиясының президенті, профессор, академик:

– Менің зерттеуім бойынша, Қорқыт өмірде болған. Қорқыттың, шамамен алғанда, VIII-IX ғасырларда Сырдарияның бойында өмір кешкені анық. Әйтпесе жоқ адамға ескерткіш орнатып, басына белгі қоймайды. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан, өмірде болмаған адамнан соншама аңыз туды­ра алмайды.

Демек, ол – нақты болған адам. Бірақ ол – қазақ даласы­на исламның енетінінің алдында өмір сүрген кісі. Жалпы, Қорқыт дәуірі тәңір­лік ескі наным-сенімнің исламға орын беріп жатқан тұстарына да сәй­кес келеді.

Себебі ол туралы аңыздар­дың мазмұны соған меңзейді. Мұнда белгілі бір дәрежеде тәңірлік діннің қағидаларын қорғау бар. Сөйтіп, ис­лам­ның кейбір қағидаларына қарсы келу байқалады. Мысалы, өлмеудің жолын іздеу, ажалға қарсы тұру деген – исламда жоқ нәрсе. Алдағы уақытта оның тек өмірде болған-болмағанын ғана емес, жырларының да көркемдік ерекшеліктерін ары қарай зерттей бе­руіміз керек. Бұл – жалпы түркі халық­та­рының ежелгі мәдениетінің, мұра­сы­ның ортақ екендігін көрсететін, қа­зіргі айтылып жүрген рухани интег­ра­ция мәселесіне мұрындық болатын ескерткіш.


 

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Пікірлер