Лондондағы алқабилер соты Ресейдің тапсырысы бойынша тыңшылықпен айналысты деп айыпталған үш Болгария азаматын кінәлі деп тапты. Бұл топ белгілі журналистер Роман Доброхотов пен Христо Грозевті аңдып, Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастыруға тырысқан деген ақпарат тарауда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.
Сондай-ақ, олар Атырау облысының бұрынғы әкімі, Ұлыбританияда тұрып жатқан Бергей Рысқалиевті бақылаған.
ВВС сот құжаттарына сілтеме жасап, экс-әкім Рысқалиевті аңду Ресей мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайту мақсатында жүзеге асқан болуы мүмкін деп жазды. Қазақстан билігі үшін саяси оппоненттерін қудалау тиімді болған деген болжам бар.
Сонымен қатар, бұл топ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлына қатысты қаралау операциясын ұйымдастыруды көздеген. Telegraph басылымының мәліметінше, сотталушылар жалған гей-порно жасауға талпынған. Олар тіпті гей-клуб иесінен сұхбат алып, Тоқаевтың ұлы жайлы жалған ақпарат айтқызуға тырысқан.
Бұл жоспардан соңында бас тартқанымен, олар Қазақстанның Лондондағы елшілігі алдында "жалған наразылық акциясын" өткізуді жоспарлаған. Топ мүшелері дрон арқылы ғимаратқа шошқа қанын төгуді көздеп, тіпті сынақ жүргізген.
Айыптаушылардың айтуынша, бұл операцияларға тапсырыс берген – Wirecard төлем жүйесінің бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек.
Британ прокурорларының мәліметінше, Болгария азаматтары 2020 жылдың тамызынан 2023 жылдың ақпанына дейін Ресейдің арнайы қызметтеріне ақпарат жинап, тыңшылық жасаған.
Сотталғандардың қатарында Ваня Габерова, Катрин Иванова және Тихомир Иванчев бар. Бұған дейін осы топқа қатысы бар тағы үш адам кінәлі деп танылған.
Иванова тыңшылықпен қатар, бірнеше жалған құжат қолданғаны үшін де жауапқа тартылды. Тергеу материалдарына сәйкес, тыңшылар өз қызметтері үшін қаржылай сыйақы алып отырған.