Қазақстан ең негізгі 4 трансшекаралық өзен арқылы көрші елдерден қанша су алады?

1070
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл еліміз ең негізгі төрт трансшекаралық өзен арқылы көрші елдерден қанша су алатынын айтты. Бұл туралы ол ведомствоның алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Сырдария өзені бойынша Душанбе қаласында (Тәжікстан) қараша айында бүкіл тарап кездестік. Бұл өзеннің суын бөлісу екі кезеңге бөлінеді. Мысалы, былтыр вегетациялық кезеңде жоспарланған үлесті 100 пайыз алдық. Ол 5 текше шақырымға жуық. Биыл Вегетация аралық кезеңде 10,9 текше шақырым (10,9 млрд текше метр – ред) су аламыз деп келіскенбіз. Ал вегетация кезеңінде қанша алатынымызды сәуір айында Ташкент қаласында (Өзбекстан) қайта келісеміз. Бізге қанша тиетіні сол кезде белгілі болады.

Жайық өзені бойынша былтыр өте көп су келгенін білесіздер, шамамен 17 текше шақырымнан астам су алдық. Қалыпты жылдары 8-9 текше шақырым су келетін. Биылға жасалған келіссөз бойынша 18 текше шақырым су бөлу керек. Сонда биыл да қалыпты жылдарға қарағанда 2 еседен астам көп су болады”, - деді министр.

Сондай-ақ, ол бастауын Қытайдан алып жатқан Ертіс өзенінің 70 пайыз суы Қазақстанда қалыптасатынын еске салды.

“Былтыр су мол болғандықтан, Бұқтырма су қоймасын шамамен 100 пайыз толтырып алдық. Ал Қытайдан кіретін судың көлемі 15-16 текше шақырым болу керек. Өзімізге тиесілі суды 100 пайыз алып отырмыз деуге болады.

Іле өзені бойынша былтыр тек Балқаш көліне ғана 16 текше шақырымға жуық су алдық. Жылда 11-12 текше шақырым алатынбыз. Биыл да 16 текше шақырым көлемінде болады деп жоспарлап отырмыз. Келесі аптада орынбасарым Қытай Халық Республикасына барып, арнайы меморандумға қол қояды. Ол құжат Іле мәселесін ғана емес, екі елдің су қатынастары саласындағы мәселелерді қамтиды”, - деді Нұржан Нұржігітов.

Пікірлер