Жақында әлеуметтік желілерде жасанды интеллект (ЖИ) туралы заң жобасы талқыға түсті. Көпшілік арасында оның мүмкіндіктері мен қаупі жөнінде әртүрлі пікірлер айтылуда. Осыған байланысты белгілі қоғам белсендісі Мейіржан Әуелханұлы өз көзқарасын білдіріп, ЖИ-ді тежеу емес, керісінше, оны тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның пікірінше, Қазақстан ЖИ-ді қолдану мүмкіндігін жіберіп алса, технологиялық даму жағынан әлемнен қалып қоюы мүмкін. Мейіржан Әуелханұлы кейбір депутаттардың “ЖИ Қазақстанның мәселелерін біліп, бізден озып кетеді” деген пікірін сынға алды.
“ЖИ – жау емес, ол қазірдің өзінде бүкіл әлем мойындаған, игілік пен дамудың қуатты құралы. Дамыған елдер оны медицинада, білім беруде, өндірісте, тіпті мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданып жатыр. Қазақстан үшін ең маңыздысы – бұл технологияны қалай тиімді әрі қауіпсіз пайдалану керектігін анықтау болуы тиіс”, – деп жазды ол.
Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, Қазақстанда ЖИ зерттеу орталықтарын ашу, осы саладағы мамандарды даярлау, стартаптар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету маңызды. Оның ойынша, ЖИ-ге заңмен тыйым салу немесе оны шектеу – қате шешім, өйткені технология дамуын тежесек, еліміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне қауіп төнеді.
Қазіргі уақытта АҚШ, Қытай, Жапония, Сингапур сияқты мемлекеттер ЖИ-ді ұлттық стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, бұл салаға үлкен инвестиция құйып жатыр. Қазақстан да осы бағытта нақты қадамдар жасауы керек.
Қазір Қазақстанда ЖИ туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Мейіржан Әуелханұлы заң жобасының жұмыс тобына кіретінін және осы мәселеге қатысты ұсыныстарды жеткізуге дайын екенін айтты.
“ЖИ-ді қолданудан қорықпай, оны терең түсініп, күнделікті өмірге бейімдесек, Қазақстан жаңа технологиялық дәуірде өз орнын табады”, – деп қорытындылады ол.