Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы мектептердің бірінде оқушыдан туберкулез анықталды. Ата-аналар мектептің карантинге жабылмағанына алаңдаулы, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ауру профилактикалық тексеріс кезінде белгілі болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушы бұған дейін де туберкулезбен ауырып, емделген.
"Алдын алу тексерісі барысында бұрын есепте тұрған науқаста аурудың қайта асқынғаны анықталды. Бұл жағдай жасөспірімнің жас ерекшеліктеріне, гормоналды өзгерістерге және иммунитеттің әлсіреуіне байланысты болуы мүмкін", — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Мектеп оқушыларының ата-аналары балаларының да ауру жұқтыруы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы барлық қажетті дезинфекциялық шаралар жасалғанын және өзге оқушыларға қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Мектепте қорытынды дезинфекция жүргізілді, барлық байланыста болған адамдар тексеруден өтті. Қосымша жұқтыру деректері анықталған жоқ. Ата-аналарға санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қашықтан оқыту енгізудің қажеті жоқ", — деп хабарлады басқарма.