«Оқушылардың оқу сауаттылығы төмендеп кетті»

973
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту және халықтың оқу сауаттылығын арттыру қажеттігін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, әлемнің дамыған елдері бұл бағытта белсенді саясат жүргізіп келеді. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Италия ең көп кітап оқитын елдер қатарында. Азияда қытайлықтар жылына 154 сағат, жапондар 135 сағат, корейлер 125 сағат кітап оқуға уақыт бөледі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 65 сағатты құрайды.

PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінің нәтижесі қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендегенін көрсетті. Депутат мұның негізгі себептері ретінде қызықты кітап оқу шараларының аз ұйымдастырылуын және цифрлық контенттің басымдыққа ие болуын атады. Қысқа форматтағы материалдарға үйренген көпшілік интернетте орта есеппен небәрі 55 секунд қана оқуға уақыт бөледі. Бұл терең ойлау мен білімді дамытуға жеткіліксіз.

Депутат еліміздегі кітапханалардың қазіргі жай-күйіне де назар аударып, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту қажеттігін айтты. Бүгінде кітапханалардың көбі ескірген, заманауи форматтағы оқу кеңістіктері, цифрлық қызметтер және оқырмандарға арналған коворкинг-аймақтар жеткіліксіз.

«Өткен жылы жолдаған депутаттық сауалымда осы саланың жұмысын үйлестіруге, дамытуға жауапты орталық органның құрылымдық функцияларын қайта қарауды ұсынған едім. Алайда бүгінгі таңда бұл бағытта айтарлықтай өзгерістер байқалмайды», – деді депутат.

Байтілесов кітап оқу мәдениетін дамытуда Түркия, Финляндия, Жапония сияқты елдердің оң тәжірибесін мысалға келтірді.

Түркия мен Финляндияда «Халықтық кітапханалар» жүйесі жаңғыртылып, тәулік бойы жұмыс істейтін, пікірталас, шығармашылық іс-шаралар өтетін мәдени хабтар құрылған. Ал Жапонияда мектеп бағдарламасына «Таңғы оқу» дәстүрі енгізілген. Әр күннің басында 15-20 минут бойы бүкіл мектеп ұжымымен бірге кітап оқу міндеттелген. Бұл оқушылардың концентрациясын арттырып, оқу дағдысын дамытуға ықпал етеді. Әлемнің кейбір елдерінде мектептер мен кітапханаларда аптасына бірнеше рет 20-30 минуттық ұжымдық үнсіз оқу әдісі қолданылады.

Осы мәселелерді ескере отырып, Нұрсұлтан Байтілесов кітап оқу мәдениетін дамыту үшін келесі шараларды ұсынды:

Оқу орындарында ғылыми негізделген оқу әдістерін енгізу. Тиімді кітап оқу дағдыларын насихаттайтын ресурстарды дамыту қажет.
Кітапханалар инфрақұрылымын жаңарту. «Кітап апталығы», «Бір ел – бір кітап» сияқты тұрақты жобаларды өткізіп, қоғам назарын кітап оқуға аудару керек.
Жергілікті деңгейде халық арасында оқу сайыстарын ұйымдастыру. Әдеби байқаулар өткізіп, оқушылар мен ересектердің қызығушылығын арттыру қажет.
Ұлттық кітап оқу күнін енгізу. Қазақстанда арнайы бір күнді кітап оқуға арнап, бұл дәстүрді ұлттық деңгейде қалыптастыру маңызды.

Бұл бастама жүзеге асса, халықтың оқу сауаттылығы артып, жастардың білім деңгейі көтеріледі. Депутат Үкіметтен бұл мәселені жіті қарастырып, нақты шаралар қабылдауды сұрады.

Пікірлер