Алматыда кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі бағасы 460,6 миллион теңге болатын зәулім сарай сатылымға шығарылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Хабарландыру e-qazyna.kz порталында жарияланған.
Бұл нысан былтыр наурыз айында өмірден өткен кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі болған.
Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, үй коммуналдық меншікке қабылданып, Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына бекітілген.
Жалпы ауданы 553,6 шаршы метр болатын бұл тұрғын үй Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Қарғалы ықшамауданы, 2-көше, 48-үй мекенжайында орналасқан. Үймен бірге 0,14 гектар жер телімі және қосалқы шаруашылық құрылыстары сатылады. Жалпы нысанның бағасы – 460 миллион 630 мың теңге.
Аукцион 5 наурызда өтеді. Саудаға қатысу үшін 69 миллион теңгеден астам кепілдік жарна талап етіледі.
Жарияланған суреттер мен құжаттарға сүйенсек, үй екі қабатты және жертөлесі бар. Бөлмелер саны көрсетілмеген. Ғимарат 2011 жылы салынған. Аулада бассейн бар, ал гаражда бірнеше автокөлік тұр.
Заңға сәйкес, бұл жылжымайтын мүлікті сатудан түскен қаржы жергілікті бюджетке бағытталады.
Еске салайық, 2020 жылдың қарашасында Qazaq Banki-дің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол Bank RBK-дан қаражат жымқыру ісі бойынша сотталған еді.