Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен "Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау, тасымалдау және өңдеу, экономикалық контрабанда баптары бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойына қызмет етуіне тыйым салынып, қоғамдық бірлестіктерді құру және басқару құқығынан 5 жылға шеттетілді.
Оның сыбайластары 8 жылға сотталды.
Сот үкімімен айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, контрабандалық жолмен алынған 6 миллиард теңгеден астам қылмыстық табысы мемлекет пайдасына өткізілді.
Тергеу барысында 2018-2022 жылдар аралығында Әбиев пен оның серіктестері Ақтөбе облысындағы мұнай өңдеу зауытында тыйым салынған "К-2" экологиялық класты дизель отынын өндіріп, 50,6 мың тонна өнімді заңсыз сатып, 11,3 миллиард теңге пайда тапқаны анықталды. Оның 22,6 мың тоннасы (6,7 миллиард теңгеге) шетелге контрабандалық жолмен шығарылған.
Заңсыз мұнай айналымынан түскен қаражат "Genesis" (немесе "Болашақ сәулетшілері") атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметін қаржыландыруға жұмсалған. Оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Әбиев 7 жылға сотталған болатын.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.