Аустралияда 2,4 миллион баланың өмірін құтқарған әлемдегі ең танымал донорлардың бірі Джеймс Харрисон өмірден озды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қайғылы хабарды бүгін, 3 наурызда оның отбасы жеткізді. Айтуларынша, марқұм 17 ақпан күні 89 жасқа қараған шағында Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы қарттар үйінде ұйықтап жатып көз жұмған.
Джеймс Харрисон 1936 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келген. 14 жасында кеудесіне күрделі ота жасалып, шұғыл түрде 13 литрге жуық донорлық қан қажет болған. Операциядан кейін ол ауруханада үш ай ем қабылдаған. Донорлық қан оның өмірін сақтап қалғанын түсінген жасөспірім 18 жасқа толған бойда донор болуға шешім қабылдаған. Кейін 81 жасына дейін әр екі апта сайын қан тапсырып отырған. Ер адамның плазмасы 2,4 миллион сәбидің өмірін сақтап қалды, өйткені оның құрамында ерекше сарысу жасау үшін қолданылатын сирек иммуноглобулин (анти-D) болған.
Джеймс Харрисон сіңірген еңбегі үшін Австралия орденімен марапатталды. Ал Гиннестің рекордтар кітабы оны әлемдегі ең белсенді донор деп таныды.