Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшірілмейтін болды. Бұл туралы бүгін, 3 наурызда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, бұл шешім балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Алматы облыстық әкімдігімен кездесуі нәтижесінде шығарылған.
«Бағанашылдағы балалар үйінде тұрып жатқан балалар сол жерде қалатын болды. Жаңа ғимарат Нүсіпбаев атындағы интернаттың балаларына беріледі. Бұған дейін ол жақтағы тәрбиеленушілерге жағдай жасалмағанын, бұл интернаттағы қиындықтар туралы жазған едім»,—деді ол.
Еске салайық, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағымданған болатын. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.