Маңғыстау облысында мұнай мен емдік-минералды су кен орындарын ашқан ғалым Олег Герштанский өмірден өтті. Қайғылы хабарды Энергетика министрлігі жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Энергетика министрлігінің басшылығы мен ұжымы Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының көрнекті қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Маңғыстау облысындағы мұнай және емдік-минералды су кен орындарын алғаш ашқан Олег Сергеевич Герштанскийдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Олег Герштанскийдің бүкіл ғұмыры – Республикаға, өз ісіне адалдық пен сеніміне деген мызғымас беріктіктің жарқын үлгісі. Олег Сергеевич жарқын ғұмыр кешті, әрдайым белсенді азаматтық ұстанымда болды, оны терең адамгершілік қасиеттері, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы ерекшелендірді. Олег Сергеевичтің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады, ал оның еңбектері болашақ ұрпақтың жадында қалады. Оның отбасы мен жақындарына осындай ауыр қайғыға байланысты көңіл айтамыз»,— делінген көңіл айту жеделхатында.
Олег Герштанский 1978 жылдан бастап өмірінің соңына дейін мұнай-газ саласында түрлі лауазымдарда еңбек етіп, Қазақстанның энергетикалық секторына айтарлықтай үлес қосқан.
Ғалым Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының мүшесі, Энергетика министрлігінің жанындағы Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі, сондай-ақ «KAZENERGY» қауымдастығының Ғылыми-техникалық кеңесінің құрамында болған. Ол 100-ден астам ғылыми мақаланың, 82 өнертабыстың және 5 монографияның авторы.