Қазақстанның Қаржы министрлігі BI Group және BAZIS құрылыс компанияларының салықтан жалтару фактілерін анықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Министрліктің мәліметінше, BI Group компаниясы 11,9 миллиард теңге, ал BAZIS компаниясы 4,6 миллиард теңге салық төлеуден жалтарған.
Тексеру 2022-2023 жылдардағы арнайы салық режимдерін (СНР) пайдаланатын субъектілер мен жалпыға ортақ салық тәртібінде жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуды талдау негізінде жүргізілген.
"Талдау нәтижесінде арнайы салық режимдерін қолдану арқылы аталған компаниялар салық төлемдерін қысқартқаны анықталды", – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство камералдық бақылау жүргізу арқылы компанияларға өз қателіктерін өз еркімен түзетуге мүмкіндік береді. Яғни, тексеру жүргізбей-ақ, салық міндеттемелерін қайта есептеп, тиісті төлемдерді жасау ұсынылады.
Бұған дейін Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі аптаның ішінде әділ салық төлеуге шақырған болатын. Ол миллиардтаған айналымы бар компаниялардың бюджетке табысына сай емес төлем жасап отырғанын атап өтті.