"Қорқыныштан жүрегі жарылып кетті". Ақтөбеде ит тиіскен мектеп оқушысы опат болды

992
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде жеті жасар балаға ит шабуылдап, жүрегі шыдамай көз жұмды. Қайғылы оқиға Маресьев көшесіндегі үйдің ауласында болған. 1 сынып оқушысының денесін анасы үйінен бірнеше қадам жерде тауып алған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Әнуар есімді оқушы таңертең анасымен бірге үйден шыққан. Анасы есікті құлыптап жатқанда, бала одан бұрын шығып кеткен. Осы сәтте қоқыс контейнерінің жанында тұрған ит оның үстіне секірген.

"Қорқыныштан ұлымның жүрегі жарылып кетті. Әйелім мұның бәрін көріп тұрды. Қызым да көрді. Кейін итті алып кетті", – деді марқұмның әкесі.

Мектеп директорының айтуынша, сағат 8:00-де сынып жетекшісі сабаққа келмеген оқушыларды түгендеп, Әнуардың анасымен байланысқа шыққан. Бірнеше қоңыраудан кейін анасы баласының қайтыс болғанын хабарлаған.

"Анасы жылап тұрды. "Балам құлап қалды, мен көмектесе алмадым" деді. Қатты есеңгіреп қалған еді", – дейді №16 мектептің директоры Эльвира Ғалымова.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Шарбақова жедел жәрдем оқиға орнына 5 минутта жеткенін, бірақ келген сәтте бала клиникалық өлім жағдайында болғанын айтты. 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, нәтиже болмаған.

Полиция оқиғаға ит себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ әлі нақты ақпарат бермеді.

"Бейнекамера жазбалары зерттеліп жатыр, куәгерлерден жауап алынады. Баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деді Ақтөбе облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Асауов.

Белгілі болғандай, марқұм Әнуардың ата-анасы ажырасқан. Анасы былтыр Қандыағаштан Ақтөбеге көшіп келген. Отбасыда екі бала болған, енді тек қызы ғана қалды.

Пікірлер