Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет желіні шулатқан “діни дәріс” үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Bes.media жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпарат бойынша, дәрісті кәсіпкер Аяжан Жақсыбай өткізген.
Университет президентінің айтуынша, бастапқыда дәрістің тақырыбы «Жеке брендті нөлден бастау» деп көрсетілген. Алайда, дәріс барысында тақырыптан ауытқып, спикер университет саясатына қайшы келетін пікірлер айтқан. Бұл студенттер мен қоғам тарапынан теріс реакция тудырды.
«Нархоз университетінде кез келген саяси немесе діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған. Жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылды», – деді университет президенті.
Қанат Қожахмет болашақта шақырылатын қонақтарды мұқият бақылауға уәде беріп, орын алған жағдай үшін кешірім сұрады.
«Мұндай оқиғалар тек бізде ғана емес, Гарвард, Йель және Колумбия университеттерінде де кездеседі. Қателеспейтін адам жоқ. Біз студенттеріміз үшін көп жұмыс атқарып жатырмыз және кез келген мәселелерді алдағы кездесуде ашық талқылауға дайынбыз», – деп атап өтті Қожахмет.
Университет әкімшілігі студенттер мен қоғамды жағдайды түсіністікпен қабылдауға шақырды.
Еске салсақ, желіде студенттердің діни ән айтып, дәріс өтіп жатқан видеосы тараған болатын. Студенттер бұндай дәріс форматын ұнатпай, университет басшылығына шағымданған еді.