Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде 2025-2027 жылдары экологиялық бағдарламаның жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Оның басты мақсаты – ауаның ластануын азайту және экологиялық қауіпсіздікті арттыру, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қала басшысының айтуынша, биыл 1 шілде мен 1 тамыз аралығында автотұрақ құны көтеріледі. Бұл әлемдік тәжірибе бойынша қала орталығындағы ескі көліктердің санын азайтуға көмектеседі.
2026 жылдың соңына дейін шығарынды деңгейі төмен аймақтар құру жоспарланып отыр. 2027 жылдан бастап Алматыда заманауи стандарттарға сай келмейтін көліктердің белгілі бір аймақтарға кіруі ақылы болады. Бұл шектеу электромобильдер мен жаңа экологиялық таза көліктерге қолданылмайды.
“Манхэттенде енгізілген төлем жүйесі көлік қозғалысын төмендетуге әсер етті. Біз де Алматыда интеллектуалды көлік жүйесін сынақтан өткізіп, содан кейін ғана жаңа шектеулерді енгіземіз”, – деді Ерболат Досаев.
Бұл бастама қоғамдық кеңес пен мәслихаттың қарауына ұсынылады.