Депутат Дәулет Мұқаев қазақ қоғамындағы қазаға байланысты дәстүрлердің мәні мен қазіргі орындалу формасы туралы өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, қаралы үйге шынайы қолдау көрсету маңызды, ал дәстүрлердің шектен тыс орындалуы қайғыға ұшыраған отбасын одан әрі қиын жағдайға түсіруі мүмкін.
"Қайғы әр отбасының басына түсуі мүмкін ауыр сынақ. Біреу ата-анасынан, енді бірі жақын туысынан, баласынан немесе досынан айырылуы мүмкін. Мұндай кезде ең маңыздысы – марқұмның отбасы мен жақындарына шынайы қолдау көрсету, олардың қайғысын бөлісу", – дейді Дәулет Мұқаев.
Ол қазақ қоғамында қазаға байланысты үлкен қонақасылар ұйымдастыру әдеті бар екенін атап өтті. Бұл дәстүрдің маңыздылығын жоққа шығармай, оның мәнінен гөрі сыртқы көрінісіне көп көңіл бөлінетінін сынға алды. Қаралы үйдің иелері қонақ күтуге мәжбүр болып, өз қайғысын толық сезінуге мүмкіндік ала алмайтынын, ал кейбір отбасылар қаржылық қиындықтарға қарамастан, дастархан жаю үшін қарызға бататынын айтты.
"Дәстүр – ұлттың рухани тірегі, бірақ оның шектен тыс орындалуы негізгі мақсаттан алыстатпауы керек. Қайғыда ең бастысы – жанашырлық пен шынайы қолдау екенін ұмытпайық!" – дейді қоғам белсендісі.
Ол бұл мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) тарапынан да, халық арасында да көбірек насихаттау керектігін айтып, көпшілікті қайғыда адами қолдау көрсетуді басты назарға алуға шақырды.