25 ақпанда Ауғанстанның оңтүстігі мен батысында болған су тасқыны салдарынан 30-дан астам адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы AmuTV-ға сілтеме жасап.
Су тасқыны нөсер жауынның салдарынан орын алған. Батыстағы Фарах провинциясында кемінде 23 адам қаза тауып, 44 адам жарақат алды. Құрбандар арасында әртүрлі жастағы ерлер мен әйелдер бар. Билік өкілдері қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Фарах провинциясының полициясы адам шығынын растады.
Осы күні Гильменд және Кандагар провинцияларында кемінде 10 адам, соның ішінде балалар су тасқынынан қаза тапты. Сонымен қатар, Гильмендтің Герешк ауданында тұрғын үйге найзағай түсуі салдарынан алты адам жарақат алған.
Ауғанстанда 2024 жылы бірнеше ірі су тасқыны болып, жүздеген адамның өмірін жалмаған еді.
Мамыр айында Бағлан провинциясында 315 адам қаза тауып, 1600-ден астам адам жараланса, Ал, сәуірде БҰҰ мәліметі бойынша, 23 провинцияда 100-ден астам адам қаза тапқан. Шілдеде елдің шығысы мен солтүстік-шығысындағы аймақтарда 58 адам көз жұмып, 380 адам жараланған.
Билік өкілдері алдағы күндері жағдайдың одан әрі нашарлауы мүмкін екенін ескертуде.