АҚШ бай шетелдіктерге елде тұруға, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін және азаматтық алуға жол ашатын "алтын карталарды" сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ел президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, "алтын картаның" құны шамамен 5 миллион АҚШ долларын (шамамен 2,5 миллион теңгені) құрайды.
"Біз алтын картаны сатқалы отырмыз. Грин-карта бар, ал бұл – алтын карта. Біз бұл картаның бағасын шамамен 5 миллион доллар деп белгілейміз. Бұл сізге грин-карта сияқты артықшылықтар береді және азаматтық алуға жол ашады. Бай адамдар біздің елге осы картаны сатып алу арқылы келетін болады", – деді Трамп.
АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, "алтын карта" қазіргі EB-5 инвестициялық виза бағдарламасының орнын басады.
Трамптың сөзінше, бұл карталарды сату екі апта ішінде басталуы мүмкін. Ол миллиондаған карта сатылатынына сенімді.
Ресейлік олигархтарға "алтын карта" сатыла ма деген сұраққа Трамп:
"Иә, мүмкін. Мен бірнеше ресейлік олигархтарды білемін, олар өте жақсы адамдар", – деп жауап берді.