«Қазспецэкспорт» электронды аукционда апатқа ұшыраған АН-26 ұшағының сынықтарын сатуға лот жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы CMN.KZ сайтына сілтеп.
Ақпаратқа сәйкес, аукцион 10 ақпанда шығарылды. 26 ақпанда АН-26 ұшақтарының қаңқасын сату бойынша аукцион өтеді. Бұл ретте сатуға бір қатысушыға рұқсат етіледі. Аукционға қатысу үшін сатып алушы депозитке 810 897 теңге салуы керек. Ұшақ сынықтарының бастапқы бағасы 1,3 млн теңгеден басталады.
Сынықтардың салмағы 14,6 мың кг құрайды. Ұшақтың қалдықтары Алматы облысы Боралдай ауылында, ҚР ҰҚК авиациялық қызметінің базасында орналасқан. Алғашында активтің бағасы 5 405 979 теңге деп бағаланды. Ұшақ 1978 жылы шығарылған және зауыттық нөмірі №72-01 (02).
Басылым мәліметінше, сатып алушы сатушыға сатылым бағасынан 15% комиссиялық төлем төлеуге міндетті. Сонымен қатар, жаңа иесі ұшақтың сынықтарын сатушының авиациялық қызметке кіруге рұқсат жіберген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде алып кетуі қажет.
Одан бөлек, ұшақтың сынықтарымен бірге, бағалаушылар ұшақтың алдыңғы дөңгелектерін де тексеріп, олардың құнын 29 948 теңге деп бағалаған.
ҚР ТЖМ мәліметі бойынша, 13 наурызда сағат 17:22-де Астана – Алматы бағытындағы әскери АН-26 ұшағы радардан жоғалып кеткен. Ол Алматы әуежайында, ұшып-қону жолағынан бірнеше жүз метр жерде құлаған. Әуежайдың баспасөз қызметі ұшақтың өртенгенін әуежайға жақындағанда байқаған.Ұшақтың бортында алты адам болған, олардың төртеуі сол жерде қаза тапты:
- Майор Ғабит Барлықбаев, 1984 ж.т. – авиациялық бөлімнің штурманы;
- Капитан Досжан Баймұратов, 1985 ж.т. – ұшақ тобының техникалық қызметкері;
- Аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев, 1994 ж.т. – экипаждың штурманы;
- Сержант Евгений Васильков, 1985 ж.т. – ұшақ тобының аға механигі.
Екі экипаж мүшесі ауруханаға жатқызылды, бірінің денесінің 50%-ы күйік шалғаг, екіншісі 30%-ы күйіп қалған. Сонымен қатар, екеуінің де бірнеше жарақаттары мен сынуы тіркелген. 95 күннен кейін, 2021 жылғы 18 маусымда, екеуі де ауруханадан шығарылды.
Кейіннен ұшақтың Қазақстан Республикасы ҰҚК авиациялық қызметіне тиесілі екені белгілі болды. АН-26 ұшағының борттық нөмірі 02 болған, бұл нөмір апат орнына түсірілген барлық бейнемазмұн мен суреттерде айқын көрінеді. Сол сияқты, ұшақтың сынықтарында да дәл сондай нөмір бейнеленген. Бұл сынықтар мен ұшақтың апатқа ұшыраған бөліктері бірдей екені анық. Мүмкін, бұл Алматыдағы апатқа ұшыраған, авиациялық қызметтің төрт қызметкерінің өмірін қиған ұшақтың өзі болуы мүмкін.
CMN.KZ редакциясы ҚР ҰҚК-не сұрау жіберді.