Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы бүгін, 24 ақпанда Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ұзақ үзілістен кейін биыл 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатада Комиссияның отырысы өтті. Жиында Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетіні сөз болды.
«Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде.
«Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.
Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және тағы да басқа мәселелер талқыланды.