Ақжүрек Таңатаров: Әлем Чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған!

3182
Adyrna.kz Telegram

Лондон Олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров кеше ғана елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында өткен күрес түрлерінен Әлем Чемпионатының ұйымдастырылуын жоғары деп бағалады.

«Бұған дейін екі Әлем Чемпионатының ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалайтынмын. Бірі Лас-Вегаста өткен лицензиялық турнир болса, екіншісі Парижде өткен әлем чемпионаты, міне, олардың қатарында елімізде ұйымдастырылған Әлем Чемпионаты қосылып отыр. Біздің олардан бір артықшылығымыз – залдың көрермендермен лық толуы. Күресті көруге еліміздің түкпір-түкпірінен спортсүйер қауым келді. Осының өзі еліміздің күрес өнерінің жоғары деңгейін айқындайды. Әлем Чемпионатына кіл мықты келді, сайдың тасындай іріктелініп алынған спортшылар елорда төрінде Олимпиада жолдамасына таласты. Бәсеке өте жоғары болды. Мен ұйымдастыру деңгейін өте жоғары деп бағалаймын»,-деді олимпиада жүлдегері.

Айта кетейік, 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстанның астанасы спорт әлеміндегі ауқымды іс-шара, яғни грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатын қабылдады. Бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясы үлестірілген алғашқы іріктеу турнирі болды. Ел қоржынында 3 күміс, 4 қола, 8 олимпиада жолдамасы бар.

Пікірлер