Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанның Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуыл үшін Украинадан өтемақы талап етуіне моральдық та, заңдық та құқығы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Қазақстан өтемақы талап етуі керек дегенмен мен түбегейлі келіспеймін. Бізде ондай талап қоюға моральдық та, заңдық та негіз жоқ. Украина үш жылдан астам уақыттан бері басқыншы тараппен өз тәуелсіздігі мен халқын қорғау үшін қасиетті күрес жүргізіп келеді. Осы соғыс аясында Украина өз елін, жерін қорғау үшін қажетті тактика мен стратегияны таңдауға толық құқылы», – деді депутат.
Оның айтуынша, КҚК – Ресей аумағында орналасқан инфрақұрылымдық нысан, сондықтан ол басқыншы елдің әскери инфрақұрылымының бір бөлігіне айналған.
«Оған жасалған соққы – Қазақстанға қарсы бағытталған шабуыл емес, соғыс жағдайындағы қажеттілік. Украина үшінші елдерге зиян тигізуді көздеп отырған жоқ, тек өз мемлекеттігін қорғауда», – деді Бапи.
Депутат Қазақстанның КҚК шабуылынан 300 миллиард теңге шығынға ұшырағаны туралы мәліметке күмән келтіріп, бұл сома негізсіз болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, нақты шығын құбыр ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген жағдайда ғана туындауы мүмкін, ал бұған Украина емес, Қазақстанның мұнай-газ экспортының балама бағыттарын алдын ала қамтамасыз етпеген жауапты тұлғалар кінәлі.
«Ресейге тәуелділікті арттыру – "Ескі Қазақстан" өкілдерінің стратегиялық қателігі. Ресей – тек КСРО-ны ғана емес, 1939 жылғы Риббентроп-Молотов пактісі негізінде империяны қалпына келтіруді көздейтін агрессивті сыртқы саясаты бар ел екенін алдын ала түсіну керек еді», – деп толықтырды депутат.
Айта кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы жеті дронның шабуылына ұшыраған болатын. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайы да экспортталады.