Қатонқарағай ауданында тұрғындардың ұсынысымен жұмыс күні таңғы 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталатын болып өзгерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.
2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап Қатонқарағай ауданында мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің жұмыс уақыты пилоттық режимде өзгерді. Енді мекемелер таңғы 08:00-де жұмысқа кірісіп, кешкі 17:30-да аяқтайды. Түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін. Жаңа кестеге ауданның 40 мекемесі көшті.
Аудандық ішкі саясат бөлімі бұл өзгеріс еңбек өнімділігін арттырып, өңірдің дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Өткен жылдың желтоқсан айында облыстық басқармалар басшылары аудандағы 18 елді мекеннің тұрғындарымен кездесулер өткізген. Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл және басқа да ауылдардың тұрғындары ұсынысты талқылап, көпшілігі жұмыс күнін ерте бастау идеясын қолдаған.
Аудандық ішкі саясат бөлімі жұмыс уақытының өзгеруі жергілікті климаттық жағдайларды, тұрғындардың өмір сүру ырғағы мен өңірдің экономикалық белсенділігін ескеретінін мәлімдеді.
2023 жылдың желтоқсанында Қазақстандағы уақыт есебін өзгерту туралы заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған болатын. Бұл бастама қоғамда үлкен пікірталас туғызды – "Ашық НҚА" порталында 130-дан астам беттен тұратын пікірлер жазылып, олардың басым бөлігі қарсылық білдірген.
2024 жылдың 2 тамызында Сауда және интеграция министрі Арман Шәккалиев уақыт белдеуін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты. Ал 2 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аймақтағы уақыт белдеуін қайта қарау мәселесін Сауда министрлігі қарап жатқанын мәлімдеді. Бұл тұрғындардың өзгеріске байланысты көптеп шағымдануымен байланысты болған.