Абай облысының жаңадан тағайындалған әкімі Берік Уәли өңір басшысы ретіндегі алғашқы кездесуін ақсақалдар және зиялы қауым өкілдерімен өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Арашаға сілтеп.
Алғашқы басқосуда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихи және мәдени орындарын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен туризмді өркендету мәселелері талқыланды.
Берік Уәли өңір ақсақалдарының ұсыныстарын тыңдап, олардың ақыл-кеңесін жұмыс барысында басшылыққа алатынын атап өтті.
«Абай облысын құру – тарихи әділеттіліктің орнауы. Енді нақты жұмыс істейтін уақыт келді. Өңірді дамытуға бар күш-жігерімді саламын», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Президент тапсырмасына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларын дамыту, экономиканы әртараптандыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын жеткізді.
Кездесу барысында ақсақалдар ауыл-аймақтардың дамуы, мәдениет пен туризм салаларының өркендеуі қажеттігін атап өтті.
«Экономиканы жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жақсы байланыс қажет. Берік Уәлиұлы – тәжірибелі басшы. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинады. Енді оның айналасына топтасып, өңірдің өркендеуі үшін бірге жұмыс істеуіміз керек», – деді Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков.
Кездесу соңында өңірдің ақсақалы Молдабек Жанболатов облыс әкіміне ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
«Семей – Алаштың астанасы, қазақ руханиятының темірқазығы. Біз бірге жұмыс істеп, өңірді дамыту жолында аянбай еңбек етуіміз керек», – деп түйіндеді Берік Уәли.