Республикалық партия өкілі Клаудия Тенни АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың туған күні – 14 маусымды мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы The Guardian-ға сілтеме жасап.
Ол бұл күнді АҚШ туы күнімен біріктіруді жөн санайды.
Бұл бастаманың Конгресте қолдау табуы екіталай, дегенмен сарапшылар оны Трамптың сеніміне ие болу мақсатында жасалған қадам деп бағалауда.
Нью-Йорк штатындағы Фингер-Лейкс аймағының өкілі Клаудия Тенни Трампты "заманауи Америка тарихындағы ең маңызды тұлға" деп атады. Оның пікірінше, Трамптың туған күні Джордж Вашингтонның туған күні секілді федералды мереке мәртебесіне лайық.
Алайда бұл ұсыныс әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, сынға ұшырады. X (бұрынғы Twitter) қолданушылары "Бұл азық-түлік бағасын төмендетеді деп ойлайсыз ба?" немесе "Өз сайлаушыларыңыз үшін маңызды істермен айналысыңыз!" деген пікірлер қалдырған.
Бұл бастама республикашылдар бақылауындағы Конгресте қолдау табуы мүмкін. Алайда, заңның қабылдануы үшін демократтардың да дауысы қажет болады.
Айта кетейік, бұған дейін конгрессмен Эддисон Макдауэлл Вашингтондағы халықаралық әуежайдың атауын Трамптың құрметіне өзгерту туралы ұсыныс жасаса, Анна Паулина Луна Трамптың бейнесін Рашмор тауына қашау идеясын көтерген болатын.