Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда ауданында, Ұялы ауылының маңына белгісіз ұшу аппараты құлады. Оны жергілікті тұрғындар тауып алған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Мой Город» басылымына сілтеме жасап.
Анықталған нысанның ұзындығы – 120 сантиметр. Оқиға орнына полиция мен құтқарушылар барып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Басылымның мәліметінше, куәгерлер түсірген суреттерге қарағанда, бұл француздық Sagem компаниясы әзірлеген Crecerelle барлау дроны болуы мүмкін. Бөкейорда ауданы әкімдігі дронның құлағанын растағанымен, бұл туралы пікір білдіруден бас тартты.
Ал БҚО полиция департаментінің мәліметінше, құлаған нысанға байланысты тексеру жұмыстары басталған.
"Бөкейорда ауданы, Ұялы ауылы маңында пилотсыз ұшу аппаратына ұқсас заттың құлауына байланысты полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп тексеру жүргізуде", – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, Бөкейорда ауданында 1946 жылдан бері жұмыс істейтін "Капустин Яр" әскери полигоны орналасқан. Қазіргі уақытта бұл аумақты Ресейдің қорғаныс министрлігі жалға алып отыр. Полигон аудан жерінің 49,1 пайызын қамтиды.
«Мой Город» басылымының мәліметінше, ауданда зымыран мен ұшу аппараттарының сынықтарының құлауы жиі кездеседі.