Бүгін, 17 ақпанда Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының экс-басшысы Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға сотталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Сот Ахмеджановты ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі, 361-бабының 1 және 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ер адам жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Сот отырысында Ахмеджанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және айыптау актісін түсінбейтінін мәлімдеді.
Сот үкімі бойынша бұрынғы бас сәулетшімен бірге айыпталған тағы да бірнеше лауазымды тұлғалар сотталды.
Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Жер қатынастары басқармасының Жерге орналастыру, жерді алу және резервке қою бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұхамбетовке 14 жыл жаза кесілді. Бағалау компаниясының басшысы Алмазхан Бакиров 8 жылға сотталды. Мұханбеталы Шалқарбеков пен Берік Үскембаев – кәсіпкерлер, 5 жылға шартты түрде сотталды.
Еске салайық, бұл істің тергеуі 2023 жылдың маусымында Алматыдағы тау бөктеріндегі құрылыстардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижесінде басталған еді.