Ішкі істер министрлігі бюджетті үнемдеу үшін сотталған әйелдерге рақымшылық жасау бастамасын қолдады. Бұған дейін депутат Қарақат Әбден түрмедегі жазасы жеңіл әйелдердің мерзімін қысқартуды немесе түрмеден толық босатуды ұсынған еді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, Ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы алғаш рет, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған. Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкін»,—деді ол.
ІІМ сотталғандарға рақымшылық беру арқылы бюджет шығынын азайтуға болатынын мәлімдеді.
«Осылайша, екі мыңнан астам сотталғанды босату арқылы бюджетті күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге болады (1 сотталған адамға күніне – 2900 теңге, тиісінше жылына 2,1 млрд теңге жұмсалады). Бұл шара гуманизм қағидаттарын, мемлекеттің әлеуметтік саясатын қолдауды, әйелдерді бейімдеуді, олардың отбасылық құндылықтарын нығайтуды және балалардың құқықтарын сақтауды, сондай-ақ ҚАЖ түзеу мекемелерінде өтеушілердің жүктемесін азайту есебінен мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруды және сотталғандарды ҚАЖ мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсартуды көздейді»,— делінген хабарламада.