Рамазан Cтамғазы, әнші: Үлкен жобалар керек…

2402
Adyrna.kz Telegram

Баяғыда бір кісі: «Мен суретші, әрші, артист бола алмайтынымды түсіндім!» – депті досына ағынан жарылып. Сонда досы: «Е-е-е… біз де кезінде домбыра дыңғырлатып, бояу баттастырып, рөл ойнағандай болғанбыз. Ал қазір жүрміз ғой…», – депті ішіндегісін ақтарып. «Өміршең өнер туындысын тудыру шын дарынның ғана қолынан келеді» дегенді ел аузынан жиі естиміз. Бірақ сол өнердің бүгінгі хал-жағдайы қалай? Қандай ірілі-ұсақты жаңалықтар бар? Әңгімені осы төңірекке бұрған едік.
Соңғы уақыттары музыка, оның ішінде дәстүрлі ән өнерінде есте қалар уақиғалар, ерекше сәттер баршылық дей аламын. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын «Қазақтың 1000 күйі» мен «Қазақтың 1000 әні» атты антология жарық көрді. Бұл жинаққа туған топырағымызда тарыдай шашылып жатқан әр жер, әр аймақтан жиналған әндер, күйлер енді. Осынау үлкен бастамаға мұрындық болған «Ел» продюсерлік орталығына дән ризамыз. Бұл антологияға бұрындары нақышына келтіре орындаған, жалпы, халық ұмыта бастаған небір дүлдүлдер енді. Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыздан жиналған тың дүниелермен танысып, жанрлық ерекшелігіне қарай адамның саусағындай сала-салаға бөлінген жаңа шығармаларды көріп, шыны керек, қатты қуандық. Енді, одан бері сырғып сағат, жылжып уақыт өтіп жатыр. Ендігі басты нәрсе – жаңа шығармаларды, құнды делінген туындыларды халыққа таныстыру, жеткізу, насихаттау.

Қазір жасыратыны жоқ, қазақ руханиятын шоу, шоулық мәдениет басып, жаншып барады. Эстрада алға озып, дәстүрлі ән өнері кенжелеп қалды. Бұл өте қауіпті үрдіс! Себебі, ән-күй – қазақтың болмысы, қазақтың мәдениеті, қазақтың тағдыры! Ал ұлт тағдырына бей-жай қарауға хақымыз жоқ…

Мысалы, жыл сайынғы «Шәкен жұлдыздары» атты кино-фестиваль толығымен жолға қойылды деуге болады. Әлемнің мықты-мықты деген кино маңында жүрген мамандар сол үлкен шараға қонақ болады. Дәстүрлі ән өнеріне де осындай кешенді жоба керек. Бар дүниемізді, бай мұрамызды мұқым елге көрсете алмасақ, онда несіне жүрміз деп те ойлайсың, кейде… Жүсіпбек Елебеков, Дәнеш Рақыш, Келденбай Өлмесеков сынды ағаларымыздың шығармаларының басым бөлігі үн-таспаға жазылмай қалуының кесірінен, халыққа жетпегені өкінішті жайт. Сондықтан, сағаттың тілі сияқты соғып тұратын, тұрақты түрде өткізілетін үлкен жоба керек деген нәрсе көптің көкейінде жүр. Қазақ жерінде жыраулық, әншілік, күйшілік мектеп қалыптастырған ұлы өнерпаздардың мұрасын насихаттау, ұлт жадына сіңіру алдыңғы кезекте тұруы керек деп ойлаймын. Арыдан бастағанда халық ауыз әдебиеті, беріден бастағанда Құрманғазы, Сүгір, Махамбет, Дәулеткерей, Жамбыл, Кенен, Ақан Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Нартай Бекежанов, Шәкір Әбенов, Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Шашубай, Майралардың ел арасында, ел аузында жүрген, әлі зерттелмеген қаншама дүниелері бар. Іргелі телеарналардан дәстүрлі ән көрсетілмейді. Ал жеке орындаушылардан көз сүрінеді. «Көксандыққа» телміріп отырған көрермен рухани ләззат, айызың қанатын әрі нәр беретін ән-күйге сусап отыр емес пе?! Болашақта бұл көкейкесті мәселелер өз шешімін табады деп үміттенемін. Үмітсіз – шайтан!..
«Дәстүрлі ән өнеріне арналған концерттер болып тұра ма, негізі? Болса, уақытын, болатын жерін айтыңызшы», – деген кісілер болды. Бұл ненің көрінісі? Халық аңқасы кеуіп, су сұрап, әбден шөлдеген адамша рухани мұраға сусап отыр. Жылына бір рет «Астана арқауы» атты түркі тектес халықтарының басын қосқан фестиваль болып тұрады. Қарт қобызын, қара домбырасын құшақтаған бауырларымыз өз өнерлерін ортаға салады. Осы фестивальдің аясында өтетін «Астана мыңжылдық тоғысында» атты концерт толығымен жыршыларға арналған. Соңғы концертінде таңертеңнен бастап, қара кешке дейін жеті жырау «Қыз Жібекті» жырлады. Оның алдыңғы жылы «Алпамысты» жырлады. Осындай құнды дүниелер жоғалып барады. «Астана арқауының» мойнына сан-салалы концерттерді артып қойса, қазақ өнері өркендейді деп ойлаймын. Бірақ көңілге медеу болатын бір нәрсе – қазақ барда қазақ өнері өлмейді. Бұл жердегі ең басты сорақылық, біз жыл сайын студенттерді оқуға қабылдаймыз. Педагог ретінде жастардың дәстүрлі өнерге деген ынтасы өте аз екенін байқаймыз. Неге? Себебі, көңіл бөлінбейді. Сондықтан, амалсыздан ақшалы, тез танылуға болатын жерлерге кетеді.
Ал ондай басқа ауыз толтырып айтатын ірі-ірі концерттер жоқтың қасы. Осыдан біраз жыл бұрын Ғалым Доскен бастаған «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Інжу-маржан» атты үлкен жоба болған. Үш айда бір рет өнерпаздарды әр облыстарға жинап, концерт беретін. Бұл жобада жыршылық мектеп пен алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер дегендей, бір буынаралық байланыс болған. Сол арқылы жас әншілер, жас күйшілер танылды. Екі жыл бұрын бұл жоба тоқтап қалды. Шын жүйріктің бағы байланып, айтайын деген дүниесін айта алмай дағдарып қалған жайы бар. «Інжу-маржан» сияқты фестивальді сағынышпен еске аламыз. Өйткені, әншіге орта керек. Әншінің бағын ашатын тыңдарман. «Айтушыңнан тыңдаушың мықты болсын» деп атам қазақ бекер айтпаған. Қазіргі кезде бізді қолдап отырған бір қарашаңырақ бар. Қазақ даласына күні-түні насихаттап, әндерімізді үзбей таратып отыратын – «Қазақ радиосына» алғысымыз шексіз.


«Қазақ әдебиеті».

Пікірлер