Бүгін бір таксиге міндім. Рөлде бір келіншек отыр. Соңғы кездері Яндексбектерден гөрі Яндексгүлдер жиі кездесетін болыпты. Кейбіреулері қасына бір құрбысын алып, күні-түні таксовать ететін болыпты. Мұның өзі әлеуметтік жағдайдың қаншалықты өзгергендігін көрсетеді. Көбісінің әңгімесі бір - күйеулері дұрыс табыс таппайды, ал өз тапқандары өмірге, бала-шағаға жетпейді. Біразы күйеулерін қуып жіберген, қайтеміз ондай масылды деп.
Жарайды, мәселе онда емес. Осы жолғы Яндексгүлдің осы Талдықорғанның іргесінде бірнеше гектар жері бар екен. Ауыл тек бидай өсірумен айналысып, соған күн көреді. Бидайдан басқа нәрсе өсірейін десе, суармалы жері жоқ. Былтыр бидай жақсы шыққан, тонналап астық жинаған. Бұрын алыпсатарлар келіп, сатып алатын, биыл алатын адам жоқ. Бидайдың бір бөлігін тиынға сатса, қалған бөлігі шіріп жатыр. Мұның себебі - осыған дейін импортқа кеткен қазақ бидайының нарығын толықтай Ресей бидайы басып тастаған. Ресейдің бидайын Еуропа елдері сатып алуды қойған соң, Ресей айналасындағы нарықты толықтай өз бидайымен толтырып тастаған. Оның үстіне орыс бидайының сапасы қазақтың бидайынан жоғары, екеуі қатар тұрса, орыстікін алады екен. Ал біздің бидайдың баратын жері жоқ. Тек ірі шаруашылықтар ғана қойма салдыртып, бидайды бүлдірмей қыстан алып шығады. Осы ірі кәсіп иелерінен ғалымдарға бидайды көгермей қыстан алып шығатын арнайы технологиясы бар қоймаларды жабдықтау бойынша ұсыныстар түсіп жатыр екен. Ал орта және шағын шаруашылықтар, жылына 20-30 тонна бидай жинайтындар бидайын амалсыздан 3 есе арзан бағаға сатудан басқа амалы қалмапты. Ол дегеніміз, таза шығын, жерді жыртып, бидай егудің бағасын да көтере алмайды.
Совет билігі тұсындағыдай артық бидайды сатып алатын мемлекет те жоқ. Егіншілердің проблемасы, тек солардың проблемасы ғана. Енді мына ауылдың тұрғындары бір жыл еңбек етіп, қарызға батып, келер жылы бидай екпейміз дейді. Жартысы, сол қарызын өтеп, өмірге ақша табу үшін, таксист болып кеткен.
Жағдай біз ойлағаннан да қиын екен. Ішің күйіп өртенеді. Билік сынға шыдамай, бет қаратпай, ауыз аштыртпай жер-жерде қысып жатыр. Қателігін көргісі де, мойындағысы да келмейді. Барлық салада солай. Тек өздеріне түсінікті бағыт алып, шауып бара жатыр. Ауылда бидай шіріп жатса, қайдағы 9%-ға экономика өседі? Егін егіп, оны ата кәсіп қылғандар қалаға қашып, таксист болып кетсе, бұл жоспар қалай орындалмақ?
Елді алға жетелей алатын адамдардың барлығы биліктен шеттетілді, билікте жүргендердің өтірігі күн өткен сайын еселеніп бара жатыр, ал тізгінді ұстағандар шын мәнінде шаруаны тындырудың орнына арзан пиармен әуестеніп кетті. 2022 жылдан кейін тұтас заңдардың сериясын қабылдап, "Заң мен Тәртіп" деген қағидатты енгізіп, "Әділетті Қазақстан", "Жаңа Қазақстан", "Еститін мемлекет" дегендердің жаназасын шығарып тастады. Ана заң керек, мына заң керек деп шетінен қабылданды. Ол заңдардың біреуі жұмыс істемейді, өйткені сол заңды алға жетейтін подзаконкалардың өздері сол заңдарға қайшы.
Ел ішіндегі негізгі азық-түлік көзі мен қоры осылай құри берсе азық-түлік тапшылығы мен әлеуметтік дағдарыс қайыршылық пен кедейлікке алып баратыны бәріне де түсінікті. Белді буу дұрыс та шығар, бірақ көзді ашып, ақылды қосқан да жөн болар.
Біз осы қандай мемлекетке айналып бара жатырмыз?
Almas Junisbay