Ғарифолла Құрманғалиевтыңорындаушылық мәнері – этностық мәденигенофондымызға қосылған дәстүрліәншілік мектептің озық үлгісінің біріекені белгілі. Алайда тарихы, бітім-болмысы әлі де жан-жақты зерттелуі, бір жүйеге түсірілуі керек. Өнертану ғылымы үшін сөзсіз үлкен пайда. Кейінгі зерттеушілерге бағыт-бағдар, нұсқа-жол болатыны және анық. Біз де Ғарифолла ата Құрманғалиевқа қатысты тікелей өзіміз куә болған жайттарды,жинақтаған деректерімізді шама-шарқымызша саралап, сұрыптап ұстаз өнернамасына бойлауды жөн санадық.
Нәтижесінде «Ғарифола сал» атты деректі хикаят, «Халық композиторы, ақын Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасы» деген монография жазылған еді. Бұлар кезінде ықшамдалып түрлі мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдарда жарияланған-ды. Кейін баспадан жинақ болып шықты. Батыс өлкесінің дәстүрлі ән өнері тарихына қатысты нақты мәліметтер білгісі келген қарындас үшін жаңа атап өткен зерттеулеріміздегі деректерді қайта жүйелеп, ел назарына ұсынып отырмыз. Сонымен, Ғарифолланың әкесі Құрманғали 1880 жылы туған. Алты ағайынды екен. Ашып таратсақ мыналар: Құрманғали (Қоңқыш), Ықсанғали, Хамидолла (Мәми), Базеке, Уәлиолла, Ғұбайдолла. Бұлардың бәрі де Дәулеттен өреді. Дәулет – Досымнан. Ал, Досым – Шүреттен. Шүреттің Досымнан басқа Жәңгір, Есен, Есім, Сақып атты да ұлдары болған. Осы жерде «Қазақ ССР-нің халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев жөнінде» деп түзілген қолымыздағы генеологиялық шежірені назарға ұсына кетейік. Кестеде былай: «Байұлы – Алаша – Атымыс – Қазбек – Шотқара – Қасаболат – Шүрет – Досым – Дәулет – Құрманғали – Ғарекең». Онда «Схеманы жасаған филология ғылымының кандидаты Ғұбайдолла Айдаров» деп қоса таңбаланған. Салыстыра қарағанда, шежіре біз таратқан адамдар аттарын дәлме-дәл қайталайды және соны есімдермен одан әрі толықтыра түседі. Ғарифолланың шешесі Жаңыл 1885 жылы дүниеге келген. Ол – Ысықтың қызы еді, оның Сары Ысығы.Әкесі Құрманғали 1913 жылы опат болады, іле көп ұзамай 1918 жылы анасы да фәниден бақиға өтеді. Сөйтіп қаршадай бала тұлдыр жетім қалады. Бірақ, ағасы Ғұбайдолланың арқасында жоқтық көрмейді. Сезімтал бауырдың алқауымен бала Ғарифолла әншілік жолға түседі. «Ұлттық сананың қалыптасуының бастауы сол ұлт құрамындағы жеке тұлғалардың игі әдеттерінен басталады», – деген тұжырым шындыққа негізделген. Ғарифолла: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Қаратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыршылар болды. Халық соларды тамашалайтын той-топырда, олардың әуен-саздарын босағада тыңдап отырып-ақ қағып алатынмын. Ағаларым – Хамидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қадамы турасында. Әлеуметтік ортасының ықпалы – жасөспірім Ғарифолла дарын-қабілетінің одан әрі дамып жетілуіне негіз қалай түскен. Ол атақты сал Мұхиттың туған немересі, Нәудің ұлы Шайқыдан да сабақ алады. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбанов былай деп жазыпты: «…Ғұбайдұлла, Хамидұллалар Ақкөлдің құмын қыстап, жазда Шұбарқұдық, Құмсай, Саралжын араларында көшіп жүретін. …Мұхит балалары …көшіп жүретін Жымпиты маңы алыс болмай, Ғарифолла Шынтас, Шайқымен кездесіп тұратын болды. Бұл екеуі Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдісін де қаз қалпында алып қалған, кейбір жағдайларда Мұхиттан кем түспейтін музыка қайраткерлері болды. Ғарифолла енді Шынтас пен Шайқыға ән жағынан шәкірт болып, олардың қасына еріп ел аралады. …Бір жағынан өздері дем алу үшін, екіншіден үйрене берсін деп, айт-тойда, базар-жиында Шынтас, Шайқы әнді көбіне Ғарифоллаға айтқызады». Осы мәселеге байланысты өзіміз талай рет құлағымызбен естіген, ұстазымыздың жиі қайталап айтатын мына бір сөздері де әлі күнге дейін жадымызда: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Мүшел жасқа толар-толмастан қасына еріп, атқосшылықта жүрдім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда жиын-той, сонда әкететін мінгестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда, жазық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал, Ғарифолла, сен сал», – дейді. Бөгелмеймін, басам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құлдығым, түбі мықты әнші боласың», – деп бауырына қысатын. Сонда деймін-ау, Шайқының е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш тыныс алып барып әрең теңестіретінмін. «Дидарды» салғанда… құдай салмасын, айтатыны жоқ», – дейтін ылғи да. Осы тұста тоқтала кетпесе болмайтын бір жайт бар: Қазақстанның батыс аймағының әншілік дәстүрі туралы, оның бүгінгі күнге дейін өшпей, үзілмей жеткен тарихын сөз қылсақ, қалың байтаққа әлі де күнгейінен көлеңкесі басым белгісіз тұстары жетерлік. Соның бірі – Жайық қазақтарының (география ғылымыбойынша Ақтөбе жері де Жайық алабына жатады) Мұхит үлгісіндегі ән мектебінің өз дәрежесінде қаймағы бұзылмай сақталуында атқарған еңбегі, өзіндік орны бар айтулы дарын иесі Шайқы өнернамасы. Есімі тиісінше аталып, бағалануы керек-ақ. Шайқы әнші бабамыздың бауырында өнерге бейім, өте зерек болып өседі. Жымпитыда, кейін Електе екі кластық орыс мектебінде оқыған. Атасы сал Мұхиттың әндерін бабына келтіре салып туған өңіріне атағы жайылады. Скрипка мен домбыраны шебер тартады. Тазбала, Сәулебай, Боғда, Абыл күйлерінің насихатшысы, виртуоз домбырашы екен. Мұны:«Мұхит …орыстың әндерін де айтып, би музыкасын домбыраға тартатын болған. Әсіресе … інілері: Жүсіп, Ақжан, Сақып, Шайқы (немересі.- Б.К.) – бесеуі қосылып орыстың «Невозвратное время» деген вальсін тартқанда орыс поселкесінің тыңдаушылары ұйып қалады екен…» – деген мәлімет көздері бекіте түседі. Шайқы өмірден ерте озады. Өкінішке қарай, оның неше жасында опат болғаны жөнінде еш нақты мәлімет жоқ. А.Затаевич: «Шайха Каратаев, внук знаменитого Мухита Каратаева, по общему признанию считавшийся достойным преемником своего великого деда, наследником его громадного дарования и продолжителем его песенных традиций. К сожалению, мне не довелось с ним познакомиться и записать его исполнения, хотя проживавшие в Оренбурге уральцы, сочувствовавшие моему труду, и стремились устроить нашу встречу. Случилось так, что когда из Оренбурга (не помню хорошо, в 22 или 23 году!) была послана телеграмма, приглашавшая его прибыть из Джамбейты, где он состоял на службе, – пришел ответ, что бедный Шайха только-что скончался», – деп жазып кетіпті. А.Затаевичтің өзі бұрын көрмеген Шайқының дарынына осылайша тәнті болуы, одан тың шығармалар жазып ала алмағанына өкініш қылуы, сырттай білуі – інісі Ғұбайдолланың да ол жайында жақсы лебіздер айтып, этнографқа мәліметтер беруінен. Бұған этнографтың:«Губайдолла Мухитов – внук знаменитого уральского баяна Мухита, в 1920-1921 годах состоял курсантом Оренбургской кавалерийской школы командного состава», – деген өз дерегі арқылы көз жеткізуге болады. 1983-85 жылдары үйінде жиі болып, Ғарифолла атамызбен сұхбаттасып жүрген күндерде мына бір деректі сан мәрте баян қылып еді бізге: «Шайқыны естиярлау кезімде көрдім, – дейтін. – Құмшық, Ханкөлге келіп ән салып жүретін. Аққұбаша, жұқалтаң жігіт еді. Ән айтқанда күп-күрең болып кететін. Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жылы тауық жыл еді.Ұмытпасам, сол отыздың ар жақ, бер жағында болатын. Ол – Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші-тұғын». Әншінің «Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жыл тауық жылы еді» деп ескіше жыл санау үрдісін қосарлап айтуынан ұлы ұстаздың қашан опат болғанын пайымдай аламыз. Григориан календары есебімен жаңа жылдың қаңтарда, ал, көнеше наурыздың 22-інде кіретіні баршаға аян. Сонда Ғарифолла бұрынғы жыл қайыру дағдысымен Шайқының дүниеден өткен мерзімін нақтылап отыр. Демек, Шайқы григориан календары бойынша 1922 жылдың көктемінде, бұрынғыша тауық жылының яғни, 1921 жылдың аяғында өлген. Өйткені, Ғарифолла – ескілікті дәуірде туып, сол заманның үрдіс-салтын көрген, тәрбиесін бойына сіңірген кісі-тін. Шығыстық жыл қайыру ғұрпын сөзіне қосарлауы содан. (Жалпы осы тәрізді әдеттер ұстаз бойынан жиі көрініс беріп қалатын) А.Затаевич те: «1922 жыл, әлде 1923 жыл, Орынбордан Жымпитыға хабар жібергенімізде Шайқы қайтыс болды деген жауап алдық», – дейді жоғарыда. Деректер бір-бірімен сәйкес келеді деп санаймыз. Шайқы әнші 1922 жылы бақи болған, бұрынғыша тауық жылы , яғни 1921 жылы. Енді екінші жайтке көшелік. Ол – Шайқының туған жылы. Ғарифолла Құрманғалиевтың: «Ұмытпасам, сол отыздың ар жақ, бер жағында болатын», – деген сөздерімен профессор Құбыш Мұхитовтың да пікірі үндес. «Өмірден ерте кеткен», – деп еді бізге. Алайда, туған, өлген жылын тап басып айта алмады. Сондай-ақ, ұстаз мәліметі Шайқының Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші екендігінен және хабардар қылып отыр. Мұхиттың немере ағайыны, Қаратай сұлтанның бір нәсілі – Шынтас 1884 жылы туған. Шайқы бұдан он жастай кіші болса, онда 1894 жылы дүниеге келген. Әрине, нақты дәлдіктегі емес мағлұматтарға сүйеніп есептегендіктен бірер жылға бері ауытқуымыз мүмкін. Бірақ, шама – дұрыс. 28-29 жастарда көз жұмған. Пікіріміз жоғарыдағы мәліметтермен жанасады. Өнертанушы ғалым Зейнұр Қоспақов өзінің «Сыр тартсақ тарихынан әншіліктің» атты еңбегінде Ғарифолла мен Шайқының кездесуін былай деп көрсетеді: «Ән арасындағы әңгімеде Шайқы орамалымен тершіген маңдайын сүртіп: «Енді ауылдың алты ауызынан айтатын адам бар ма? – деп айналасына қарап еді, оны құптайтын жан табыла қоймады. – Ойпырмай, бүкіл ауылда ән айтатын әнші болмағаны ма? – дегенде Ғарифолла суырылып шығып, әндете жөнеледі. Әлі домбыра тартуды білмейтін ол аузын алақанымен қағып, Мұхит әндерін шырқайды. Естен кетпейтін кездесуді Ғарекең: – Шайқы орнынан тұрып, менің маңдайымнан сүйді. Өзінің домбырасын маған берді де:– Қарағым, қайыршының дорбасы болады, әншінің домбырасы болады. Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал, – дейді». Көңілге қонымсыз. Бұл – ақиқатында З.Қоспақовтың өз сөзі Шайқының аузына салған. Шайқыға «Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал» дегізуі оны бізге жас жігіт емес, өлер шағына таянған қарт адам қып елестетеді. Бұдан бұрын келтірілген мәлімет көздері қалай десек те Шайқының жас кеткенін шүбәсіз айғақтайды. Сөз еткен бұл жайттар, шындыққа жанасымсыз әңгімелер кейінгілерді адастырады. А.Затаевич Шайқының қайғылы өлімін былай деп және таңбалап кетіпті: «При его смерти присутствовал Джумагалиев, сообщивший мне приводимую здесь любимую песню покойного «Арман» (несбывшиеся мечты!), – песню, которую он, по его словам, наигрывал на домбре еще минут за десять до катастрофы, пока жестокий приступ кашля не задушил его на смерть!» Шайқының сол сүйікті әні «Арманды» оның жақын араласқан досы, деректе аты аталған Бақ Жұмағалиев нотаға жаздыртқан. Нотасы фортепианоға лайықталынып түсірілген. Тыңдап көрген едік, мұң табы, сағыныш сазы байқалып тұрды. Бақ – Жымпиты уезі, Жақсыбай болысына қарасты 7-ауыл тұрғыны. Шайқының сан қырлы өнері, дарыны талайларға көп ықпалын жасаған. Белгілі домбырашы, композитор Оразғали Сүйінбеков туралы профессор Тымат Мерғалиев былай депті: «Домбыра тартуды алғаш әкесінен үйреніп, кейін Мұхит, Шайқы сынды әншілерді тыңдап, өнерге біржола ден қояды». Оразғали – Абыл, Боғда, Қауен, Есбай сынды күйшілер дәстүрін жалғастырушылардың бірі ретінде танылған кісі. «Жігер», «Көктем шабыты», «Тұлпар дүбірі» тағы басқа да шығармалары бар. Ол әншілікті де ұстанған. Сондай-ақ, әкесі Нәумен бірге туған Шоңның баласы, өнер тарихында аты қалған Лұқпан да Шайқыдан Абылдың «Абылын», «Наратуды», «Қызыл қайың» атты күй үйренеді. Осы деректер Шайқының әйгілі әншілігіне қоса дәулескер күйші екендігін, оның жолын ұстанған шәкірттері де нұсқа көрсеткен ұстаз еңбегін жандырғанын айғақтайды. Бір қызығы оның есімі де болмысына дөп келеді. «Шайқы» араб сөзі, мынадай мағыналар береді екен: а) ұстаз, үйретуші, тәрбиеші; ә) ақсақал, дін басшысы; б) ғалым. Қазірге шейін Шайқы өнернамасы арнайы зерттеу нысанасына ілікпей келеді. Біздікі сол тұсты көрсету, назар аударту-ды. Әрине, Шайқыға қатысты сөз әлі де қозғалар, тыңнан мағұлматтар қосылар. Бірақ, біз ұғынуға міндетті нәрсе – Мұхит әншілік мұрасының өрнегін, нақыш-машығын бойына жөргегінен сіңірген бір туар дарын – Ғарифолла Құрманғалиев арқылы Шайқы өнернамасын тану. Мұхит пен Ғарифолланы сабақтастырушы алтын көпір – Шайқы. Ол осы екі тұлға аралығындағы өз орнын алуы тиіс. Жайық өңірінің әншілік үрдісін қалыптастырудағы өзіндік ролі үлкен, айшықты да жоғары дауыс иесі, дарынды Шайқының болмысын оның шәкірті, алаштан ән оздырған Ғарифолла Құрманғалиевтың үні, ән салу мәнері арқылы ғана елестете аламыз.Академик А.Жұбановтың өз еңбектерінде оның есімін әркез жылы лепеспен атап отыруы, қазақ музыкасының бірегей этнографы әм зерттеушісі А.Затаевичтің ұлы дарынды дәйім өкінішпен еске алуы, әншілік дабысы шырқап алысқа кеткен сал Ғарифолланың ғұмыр бойы ұстаз үніне тамсанумен өтуі – Шайқы өнернамасының қаншалықты құнды екенін аңғартады. Жадта мықтап ұстар – жайт.Ғарифолланың өмірбаяны турасында: «Құрманғалиев Ғарифолла 1.01.1909 жылы туған, қазіргі Орал облысы Қаратөбе ауданы Ақкөл селосы»– деп таңбаланған оған қатысты деректердің бәрісінде. Ұстаздың өз аузынан естіген едік: «1907 жылғымын»,– деп айтқанын. Алғаш алған туу туралы құжатына түрлі белгісіз себептермен «1909 жыл» боп түзіліп кеткен. Әрине, мұны қалпына келтіру мүмкін емес. Мақсат – ақиқатты да қоса көрсетіп өту-ді. Ғарифолла: «Жамал деген қыздың ұзатылуында еді, ел назарына алғаш ілігуім. Әкесі Шыныбек жақын ағайын, тойға арнайы шақырды. Таңға шейін ән салдым сонда. Содан кейін-ақ, ауылда жиын-сауық өтсе мені іздейтін болды», – деп еді бір әңгімесінде. Шыныбектің әкесі – Жайқожа. Жайқожа – Балатайдан. Бұлар да – Шотқара, Айбас – Шотқара. Ғарифоллаға Шүреттен қосылады. Шыныбек – орта шаруа, көзі ашық, орыс тіліне жетік бопты. Әйелінің есімі – Айдай, дейді. Одан Бердіғали, Жамал атты перзенттер туған. Бердіғалидан – Малдыбай (1927 жылы туған). Жамал 1922 жылы руы – Барамық Қарабала дегеннің баласы Бәкеге тұрмыстанады. Шайқының алтын дидарын көріп, одан тағылым алған алғыр шәкірт Ғарифолла орындаушылық шеберлігін күннен күнге өсіре береді. Бұрынғы сал-серілердің ұстанатын дәстүр-қалыбына еліктейді. Жүйрік мінеді. Атақты бәйгі бермес сұр аты да Ғарифолла есімін ел арасында әйгілей түседі. Ол енді өзінің туған өңірімен шектеліп қалмайды көрші елдерді аралап кетеді. Бұны академик А.Жұбанов былай деп куәландырады: «…1927 жылы Ғарифолла Ойыл ауданында, Бөрте болыстарында (Орынборға қарасты 1-і және 2-і Бөрте болыстары деген болды. А.Ж.), Орынбордың қаласында, не бары үш айдай әнмен ел аралады. Одан кейін Гурьев облысында (қазіргі Атырау облысы — Б.К.), Қарағашта, Табында болды. Бұл жүрген жерлерінің бәрінде де Ғарифолла аса сыйлы әнші, құрметті қонақ, халыққа өтімді де, сүйкімді де өнерпазы болып қабылданды», – дейді. Осыдан кейін көп ұзамай, – өнерімен өстіп үнемі елдің көз алдында жүріп болмысының жұртқа жақсы танылуынан болар, – оған басшылық қызмет тізгіні ұстатылады. Бұған қолымыздағы оның назарға ұсынылып отырған төмендегі еңбек туралы құжатының көшірмесі нақты куәлік береді.
Поступление | Уход с должности | Должность | Место работа |
С ІХ-28 | ІХ-1930 | Секретарь Каратюб.с/совета | Каратюб.с/совета Зап.Каз.обл. Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
1930 | 1931 | Бригадир | Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
1931 | 1932 | Секретарь | Кз.Бирлик, Каратюбинский п.совета |
1931 | 1932 | Секретарь | Каратюбинский пос.совета ЗКО |
І-1932 | VІ-34 | Председатель | Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
VІ-1934 | артист-солист театра | Опера и балета им.Абая Каз.театр г.Алма-Ата |
Бөрібай КӘРТЕН,
жоғары санаттағы музыка маманы,
қазақ тілі мен әдебиеті магистрі